
Өткен жылдың соңында ҚР ҰЭМ Табиғи монополияларды реттеу комитетінің ақпараты бойынша бірқатар БАҚ-та тұтынушыға шарт жасасу кезінде жылумен жабдықтау туралы не білу маңызды деген мақалалар жарияланған болатын. Комитеттің ақпараты тұтынушылар үшін ұсынымдық сипатта болады.
Дегенмен, тұтынушыларда осы ақпарат бойынша, тиісті қызмет бойынша төлемді қайта есептеу бөлігінде көптеген мәселелер туындайды.
Қосымша атап өту керек, жылу энергиясын пайдалану мен сапасыз қызметке байланысты келіспеушіліктерді шешу тәртібі Қазақстан Республикасы Энергетика министрінің 2014 жылғы 18 желтоқсандағы №211 бұйрығымен бекітілген Жылу энергиясын пайдалану ережесінде белгіленген (59-61- тармақтары).
Осы Қағидалардың 26- тармағында жылу энергиясын беруді есепке алу, егер шартта өзгеше көзделмесе, жылу желілерінің теңгерімдік тиесілігін және пайдалану жауапкершілігін бөлу шекарасында жылу энергиясының шығынын есепке алу нүктесінде жүргізілетіні белгіленген.
Табиғи монополиялар туралы жаңа заңында табиғи монополия субъектісі үлгі шарттарға сәйкес ұсынылатын реттеліп көрсетілетін қызметтердің әрбір түріне тұтынушылармен жеке шарттар жасасуға міндетті деп айтылады (26-баптың 2-тармағының 8) тармақшасы).
Қазақстан Республикасының Азаматтық кодексінде, атап айтқанда 488- бабының 1-тармағында, егер заңнамалық актілерде немесе тараптардың келісімінде өзге көзделмесе, энергияға ақы төлеу энергияны есепке алу деректеріне сәйкес анықталатын абонент нақты қабылдаған энергия мөлшері үшін жүргізіледі делінген.
Осылайша, Жылу энергиясымен жабдықтау жөніндегі қызметтерді көрсетуге арналған үлгі шарттың талаптарына сәйкес (Үлгі шарт Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрінің 2019 жылғы 24 маусымдағы № 58 бұйрығымен бекітілген), тұтынушы жасалған шарттың талаптарына сәйкес жеткізушіден жылу энергиясымен жабдықтау жөніндегі қызметтерге ақы төлеу бойынша қайта есептеуді және кем жеткізу немесе сапасыз жылу энергиясын жеткізуден келтірілген нақты залалды өтеуді талап етуге құқылы.
Және табиғи монополиялар туралы заңнаманың нормаларына сәйкес (26-баптың 2-тармағының 12) тармақшасы) табиғи монополия субъектісі тұтынушылардың талап етуі бойынша тариф туралы, реттелетін қызметтің сапасы туралы, реттелетін қызметті ұсыну шарттары туралы ақпарат беруге міндетті.