
Мемлекет басшысының тариф белгілеудің ашықтығын қамтамасыз етуге және табиғи монополистердің тауарлары мен қызметтеріне баға мен тарифтердің көтерілуіне қарсы күресті күшейтуге бағытталған тапсырмаларын орындау шеңберінде Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрлігі Табиғи монополияларды реттеу комитетінің Павлодар облысы бойынша департаменті Павлодар облысының энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасымен бірлесіп, тұрғындар үшін коммуналдық қызметтер тарифтерінің өзгеруін түсіндіру бойынша 2020 жылғы 7 ақпанда брифинг өткізді.
Брифинг барысында Департамент басшысы Тимур Әмірханов облыстағы табиғи монополиялар субъектілерінің реттеліп көрсетілетін коммуналдық қызметтеріне тарифтерді ұстап тұру бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстар туралы айтып өтті, сонымен қатар, облыс қалаларындағы сумен жабдықтау және суды бұру, Екібастұз қаласында жылумен жабдықтау саласындағы қызметтерге халық үшін тарифтер бұрын бекітілген деңгейде қалатынын атап өтті.
«Павлодарэнергосбыт» ЖШС тиісті өтінім берген жағдайда электр энергиясына шекті бағаны қайта қарау туралы, Департамент пайдасына сот шешімі қабылданған жағдайда «Павлодарэнерго» АҚ және «Павлодарские тепловые сети» ЖШС тарифтерін қайта қарау мүмкіндігі туралы қатысушыларды хабардар етті.
Павлодар облысы энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасы басшысының орынбасары Талғат Испулов «Спецмашин» ЖШС кәсіпорнының жұмысы және олардың қызметтеріне ақы төлеу туралы өзекті мәселеге жауап берді.