
Бүгін ҚР ҰЭМ Табиғи монополияларды реттеу комитетте «ҚазТрансГаз Аймақ» АҚ-ы Астана өндірістік филиалының Нұр-Сұлтан қаласының газ тарату жүйелері арқылы тауарлық газды тасымалдау бойынша реттеліп көрсетілетін қызметіне тариф және тарифтік смета жобасын талқылау бойынша жария тыңдау өтті.
Жария тыңдауға Қоғамдық кеңесінің Төрағасы Сансызбай Есілов, Нұр-Сұлтан қ. маслихатының депутаты – «Астана-Энергия» АҚ-ның Басқарма төрағасы, Еркеғалий Есенжолов, елорда әкімінің орынбасары Ермек Қизатов, «Шарапат» әлеуметтік қызмет көрсету орталығының жетекшісі, Рысты Баймағамбетова, мемлекеттік органдардың, табиғи монополия субъектісінің, бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері, тәуелсіз сарапшылар, сондай-ақ тұтынушылар және «Железнодорожный», «Көктал-2», «Агрогородок» тұрғын алабының тұрғындары және өзге де мүдделі тұлғалар қатысты.
Жария тыңдау Комитет төрағасы Асан Дарбаевтың төрағалық етуімен өтті, ол барлық қатысушыларды қарсы алып, жария тыңдауды өткізу тәртібімен таныстырды, сондай-ақ «ҚазТрансГаз Аймақ» АҚ тарифі, тарифтік сметалары жобаларына өз ұсыныстары мен ескертулерін белсенді түрде айту қажеттігін атап өтті.
Елордада карантиндік шаралардың күшеюіне байланысты, жария тыңдау қатар Комитеттің Facebook-тегі ресми парақшасы және ZOOM платформасы арқылы көрсетілді, онда әрбір адам нақты уақыт режимінде субъектінің өтінімі бойынша сұрақ қоя алды.
Субъект атынан жария тыңдауда спикер болып «ҚазТрансГаз Аймақ» АҚ-ның директоры, Сармұханов Нұрлан Серікұлы сөз сөйледі.
«ҚазТрансГаз Аймақ» АҚ-ның өкілі өз сөзінде табиғи монополиялар туралы заңнамасына сәйкес уәкілетті орган жаңа объектілерді және (немесе) учаскелерді алған жағдайда реттеліп көрсетілетін қызметке тарифті оңайлатылған тәртіппен бекітетінін хабарлады.
««Сарыарқа» магистральдық газ құбырын салуды ескере отырып, газға баға белгілеу мәселелері бойынша Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Н. Ә. Назарбаевтың бесінші бастамасының тапсырмаларын орындау жөніндегі жол картасының 4.2-тармағын орындау аясында, Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігі мен «ҚазТрансГаз Аймақ» АҚ-ы 2020 жылғы 14 қазанда Нұр-Сұлтан қаласының газ тарату желілерін сенімгерлік басқару шартын жасасты. Осыған байланысты, «ҚазТрансГаз Аймақ» АҚ-ы «Табиғи монополиялар туралы» Қазақстан Республикасының Заңының және Тарифтерді қалыптастыру қағидаларының талаптарына сәйкес, Нұр-Сұлтан қаласының газ тарату жүйелері арқылы тауарлық газды тасымалдау бойынша реттеліп көрсетілетін қызметке оңайтылған тәртіппен тарифті бекітуге өтінім берді», - деп атап өтті Нұрлан Сармұханов өз сөзінде.
Субъектінің ұсынылған тариф деңгейі бойынша түсіндірулер мен негіздемелерден кейін, қала әкімінің орынбасары Ермек Қизатов та шетте қалмады, ол Нұр-сұлтан қаласының газ тарату желілерін сенімгерлік басқаруға беру туралы және осы желілердің жобалық қуаты туралы айтты.
Сонымен қатар, жария тыңдаудың қатысушылары, оның ішінде БАҚ өкілдері субъектінің тарифтері мен тарифтік сметаларының жобаларына қатысты өздерін қызықтыратын және толғандыратын сұрақтарды қойып, оларға жауаптар алды.
Қорытындылай келе, Комитет басшысы барлығына қатысқаны және ұсыныстарын белсенді айтқаны үшін алғыс айтып, және бұл талқылауға ұсынылған тек жоба ғана, және түпкілікті шешім «ҚазТрансГаз Аймақ» АҚ-ы Астана өндірістік филиалының өтінімін қарау қорытындылары бойынша табиғи монополиялар туралы заңнамада белгіленген мерзімде және тәртіппен қабылданатынын атап өтті.
Асан Дарбаев сондай-ақ бұл жобаның елорда тұрғындары үшін маңыздылығын атап өтті, өйткені елорданы газға қосу ел үшін тарихи оқиға болып табылады, оның басталуын Елбасының өзі салған.
Айта кету керек, Комитет әрдайым қоғамдық тыңдауға қатысушылардың пікірлерін ескереді және түпкілікті шешім қабылдаған кезде тұтынушылар мен субъект арасындағы мүдделер тепе-теңдігін сақтауға тырысады.
Комитет, өз кезегінде, тарифтік реттеуші ретінде жария тыңдауға қатысушылардың пікірін әрдайым ескереді және түпкілікті шешім қабылдау кезінде тұтынушылар мен субъект арасындағы мүдделер теңгерімін сақтауға тырысады, сәйкесінше ведомство астанадағы газға азаматтар үшін негізсіз тарифке жол бермейді.