
Еңбекминінің өкілдері Катар Мемлекетінің Еңбек министрлігінің өкілдерімен онлайн кездесу өткізіп, қазақстандықтарды Катар Мемлекетінде жұмысқа орналастыруды реттеу жөніндегі келісімнің жобасын талқылады.
Келісім жобасы біздің азаматтарымызды Катар Мемлекетінде жұмысқа орналастыру рәсімін реттеуге, сондай-ақ Катар Мемлекетінің заңнамасына сәйкес тең еңбек жағдайларын қамтамасыз етуге және қазақстандықтардың құқықтарын қорғауға бағытталғанын атап өтеміз.
Бұл келісім Катар еңбек нарығының мұнай және өңдеу өнеркәсібі, энергетика, көлік және экономиканың басқа да салаларында жоғары білікті мамандарды тарту жөніндегі қажеттіліктерін қанағаттандыруға ықпал етеді.
Осы Келісімге қол қою Қазақстан азаматтарының келуінің, болуының және кетуінің заңды тәртібіне алып келеді.
Бұдан басқа, Катар Мемлекеті ұсынған еңбек шартының жобасы қаралды, ол әрбір қызметкермен қазақ, араб және ағылшын тілдерінде жасалатын болады.
Келісімнің жобасын Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі мүдделі мемлекеттік органдардың қарауына жіберуді жоспарлап отыр.