
Еңбекминінің өкілдері Қатар мемлекетінің Еңбек министрлігі өкілдерімен онлайн-форматта кездесу өткізіп, Қатар мемлекетіндегі Қазақстанның еңбекші азаматтарының еңбек қызметі және еңбек құқықтарын қорғау туралы келісім жобасының мәтінін талқылады.
Кездесу барысында Еңбекмині Көші-қон комитетінің төрағасы Асқарбек Ертаев, Еңбекмині Халықаралық ынтымақтастық және интеграция департаментінің директоры Саадат Асансеитова және Қатар мемлекеті Еңбек министрлігінің Келісімдер және бірлескен комитеттер бөлімінің басшысы Хамад Али Әл Афифа қатысты.
Асқарбек Ертаев кездесуге қатысушыларды Қазақстан мен Қатар арасындағы заңды еңбек көші-қонын реттеу саласындағы екіжақты ынтымақтастықтың қазіргі жағдайы туралы хабардар етті.
Келісім жобасы біздің азаматтарымыздың Қатар мемлекетіндегі еңбек қызметін реттеуге бағытталған және заңсыз көші-қонға жол бермеуге, сондай-ақ еңбек бойынша тең жағдайларды және еңбекші қазақстандықтардың құқықтарын қорғауды қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
Бүгінгі таңда Қатар Мемлекеті арнайы бағдарлама (меморандум) негізінде Үндістаннан, Пәкістаннан, Непалдан, Филиппиннен, Бангладештен шетелдік жұмыс күшін тартады.
Қазақстанды Қатар Мемлекетіне білікті жұмыс күшін жіберетін елдер тізбесіне енгізу Қазақстан азаматтарын Қатарда ресми түрде жұмысқа орналасуға мүмкіндік береді.
Келісім жобасының мәтінін талқылай отырып, тараптар жемісті және сындарлы өзара іс-қимылға, сондай-ақ еңбек көші-қоны шеңберінде екіжақты ынтымақтастықты кеңейтуді жалғастыруға дайын екендерін білдірді.