
Ағымдағы жылдың 28-29 қарашасында Алматы қаласында Халықаралық көші-қон ұйымының қолдауымен өңірлік үйлестіру тетігінің кезекті отырысы өткізілді.
Аталған отырысқа Орталық Азия елдерінің түрлі бейінді министрліктері мен ведомстволарының 70-ке жуық өкілі қатысты.
Отырысқа қатысушылар Орталық Азия бойынша еңбек көші-қонындағы ағымдағы ахуал, сондай-ақ еңбек көші-қонын басқарудың стратегиялық басымдықтары жөніндегі мәселелерді талқылады.
Осы мәселелер бойынша Швейцарияның Қазақстандағы Елшісі Салман Бал, Қырғызстандағы Благодать қоғамдық қорының директоры Рахат Шакирова және Орталық Азия бойынша Көші-қон жөніндегі халықаралық ұйымның субөңірлік үйлестірушісі, сондай-ақ Қазақстан, Қырғызстан, Түрікменстан және Өзбекстандағы миссия басшысы Зейнал Гаджиев өз ұсыныстары мен және пікірлерімен бөлісті.
Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі Көші-қон комитетінің төрағасы Асқарбек Ертаев іс-шараға қатысушыларды 2023 – 2027 жылдарға арналған көші-қон саясатының тұжырымдамасын іске асыру бойынша Қазақстан қабылдап жатқан шаралар туралы хабардар етті.
Аталған отырыстың мақсаты Орталық Азия елдері үкіметтері мен халықаралық сарапшылардың еңбек көші-қонындағы үрдістер мен динамика туралы ақпарат алмасу, сондай-ақ өңірлік деңгейде еңбек көші-қонын басқару саласындағы жаңа жолдар мен мүмкіндіктерді зерделеу үшін ынтымақтастығын кеңейту болып табылады.