А. Ертаев «Тәуекел» қоғамдық бірлестігімен кездесу өткізді

А. Ертаев «Тәуекел» қоғамдық бірлестігімен кездесу өткізді

Ағымдағы жылдың 27 қазанында Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің Көші-қон комитетінің төрағасы Асқарбек Ертаев «Тәуекел» қоғамдық бірлестігінің басшысы Бурахан Дақановпен кездесу өткізді.

Кездесу барысында ішкі еңбек ұтқырлығы, оңтүстіктен солтүстікке қоныс аударатын адамдарды интеграциялау және бейімдеу, қоныс аударатын өңірлерде олардың отбасы мүшелерін сүйемелдеу мәселелері қаралды.

Тұрақты жұмыс орындарын құра отырып, азаматтарды солтүстік және орталық өңірлерге көшіру және ұйымдастыру бойынша сапаны арттыру және ынталандыру мәселелері қаралды.

Бүгінгі таңда қандастар мен қоныс аударушыларды қабылдаудың өңірлік квотасы ағымдағы жылға 8652 адамды құрайды. 2023 жылғы 1 қазандағы жағдай бойынша 7498 адам немесе 86,7% қоныс аударды.

Қандастар мен қоныс аударушыларды қоныстандыру келесі облыстарда жүзеге асырылды: Ақмола – 270 адам, Шығыс Қазақстан-544 адам, Абай – 378 адам, Қостанай – 961 адам, Қарағанды – 29 адам, Ұлытау – 52 адам, Павлодар – 3071 адам және Солтүстік Қазақстан – 2193 адам.

Сондай-ақ, Бурахан Дақанов Солтүстік Қазақстан облысында Петропавл қаласында «Тәуекел» қоғамдық бірлестігінің қызметін кеңейтуге жәрдемдесу мәселелерін көтерді.

Бұл мәселені Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің Көші-қон комитеті Солтүстік Қазақстан облысының Жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасымен бірлесіп пысықтайтын болады.