
ҚР ЕХӘҚМ Көші-қон комитетінің төрағасы Асқарбек Ертаев Әзербайжан астанасы Бакуде өткен Алматы процесінің жоғары лауазымды тұлғаларының сегізінші кездесуіне қатысты. Ол Қазақстанның көші-қон саясатының негізгі тәсілдері туралы баяндады.
Кездесу барысында Қауіпсіз, біріздендірілген және реттелген көші-қон жөніндегі жаһандық шартты іске асыру жөніндегі шаралар талқыланды.
Асқарбек Ертаев іс-шараға қатысушыларға Қазақстанның көші-қон саясатын жетілдіру бойынша қабылдап жатқан шаралары туралы айтты.
«Қазақстан Көші-қон жөніндегі жаһандық желінің бір бөлігіне айналды, оның мақсаты – бірлескен үйлесімді жұмыс арқылы көші-қон проблемаларын шешуге барлық халықаралық ұйымдарды жаппай жұмылдыру. Бұл іс-қимыл халықаралық көші-қон ұйымымен жемісті ынтымақтастықтың арқасында мүмкін болды», – деді Комитет төрағасы.
Ол сондай-ақ Қазақстандағы көші-қон саясатына ерекше назар аударылатынын және оны іске асыру елдің негізгі халықаралық әріптестерімен өзара іс-қимылда ұлттық ерекшелікке бейімделген озық әлемдік тәжірибелерге негізделетінін атап өтті.
Естеріңізге сала кетсек, Алматы процесі – бұл Орталық Азия өңірін қозғайтын босқындарды қорғау және халықаралық көші-қон мәселелері бойынша өңірлік консультативтік платформа.