
Ұлан ауданындағы Айыртау ауылында Танабаев көшесі бойындағы тұрғын үйде өрт шықты. Өрт кезінде үйде ешкім болмаған. Түтінді байқаған көршілер Алмаз Қадылбеков пен Асылбек Рагызбаев үйдің қоймасына кіріп, (27литр) газ баллонды алып шығып, «101» нөмірі бойынша өрт сөндіру бөлімшесін шақырған. Өрт сөндірушілер келгенше өртті өз бетінше сөндіре бастаған. Шақыру орнына келген «Өрт аудит орталығы» ЖШС МӨҚҚ және ШҚО ТЖД 10-ӨСБ қызметкерлері екі пәтерлі тұрғын үйдегі өртті толығымен сөндірді. Өрт аумағы 6 шаршы метрді құрады. Тоңазытқыш пен 2 мұздатқыш камераның бөлшектері жанып кетті. Өрттің шығу себебі ретінде электр жабдықтарын монтаждау және пайдалану кезінде өрт қауіпсіздігі ережелерін сақтамау деген болжам қарастырылуда.
ШҚО ТЖД өрт қауіпсіздігі ережелерін сақтауды еске салады:
- үйден кетіп бара жатқанда, ешқандай жағдайда электр құрылғыларын желіде қалдырмаңыздар;
- электр желісін шамадан тыс жүктемеңіздер;
- электр сымдарындағы ақауларды уақытында жөндеңіздер;
- өрт қауіпті материалдарды электр жабдықтарының жанына жақын қоймаңыздар;
- мүмкін болса, үйге өрт сөндіргіш құралын алыңыздар.
Өрт кезінде 101 немесе 112 нөмірі бойынша хабарлаңыздар.
ШҚО ТЖД баспасөз қызметі