
Қызылорда облысы ТЖД «Қызылорда орман және жануарлар дүниесін қорғау мемлекеттік мекемесінде» орман қорындағы өрттің алдын алу бойынша дөңгелек үстел ұйымдастырды. Аталмыш дөңгелек үстелге жергілікті атқарушы органдардың өкілдері, облыстық табиғи ресурстар және табиғатты реттеу басқармасының басшылығы, облыстық жануарлар орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясының мамандары, Төтенше жағдайлар департаментінің қызметкерлері қатысты. Дөңгелек үстел Қызылорда облысы Төтенше жағдайлар департаменті бастығының орынбасары азаматтық қорғау полковнигі Н. Ибрагимовтың төрағалығымен өткізілді.
Нұрсұлтан Жаңабайұлы іс-шара барысында республикада және өңірде орын алған орман қоры аумағындағы өрт оқиғалары туралы шолуды таныстырды. Орман шаруашылығы мен мемлекеттік өртке қарсы қызмет инспекциясының жабдықталуы талқыланды. Сонымен бірге «Қызылорда орман және жануарлар дүниесін қорғау мемлекеттік мекемесінің» директорының міндетін атқарушы А. Жетебаев, аталмыш мекеменің директорының орынбасары М. Қаппар қызмет барысында кездесетін проблемалық мәселелерді көтерді.
Нұрсұлтан Жаңабайұлы жеке құрамның қатысуымен өткізілген оқу-жаттығулар, сабақтар туралы айтты. Сонымен бірге өрт туындаған жағдайда бірлесе әрекет ету алгоритмі пысықталды.
Іс-шара соңында Қызылорда облысы Төтенше жағдайлар департаментінің бастығының орынбасары Н. Ибрагимов жергілікті БАҚ өкілдеріне - «ҚоғамТВ» телеарнасының тілшілеріне сұхбат беріп, дөңгелек үстелдің маңыздылығын атап өтті.
Сонымен бірге аэровизуалды құрал - дронды пайдалану арқылы орман қорын бағдарлау жұмыстары жүргізілді. Жалпы өңірде 6867 км минералды жолақтарды жүргізу жоспарланған және қазіргі таңда аталмыш жұмыс аяқталуға жақын қалды. Аталмыш іс-шара кезінде минералды жолақтардың жүргізілу барысы да бақыланды.
Қызылорда облысы ТЖД