Қарағанды облысында өрт қауіпсіздік кезеңінен басталғалы 14 орман өрті болды

Қарағанды облысында өрт қауіпсіздік кезеңінен басталғалы 14 орман өрті болды

Бүгін Қарағанды облысының әкімі Ермағанбет Бөлекпаевтың төрағалығымен облыстық ТЖ жөніндегі комиссия отырысы өтті.

Отырыс барысында өңірде өрт қауіпті кезең мен шомылу маусымының өтуі мәселелері талқыланды.

Күн тәртібіндегі мәселелер бойынша Қарағанды облысы ТЖ департаментінің бастығы полковник Мұрат Қатпанов сөз сөйледі.

Өрт қауіпті кезең басталғаннан бері облыста 50-ден астам гектар жалпы алаңда 14 орман өрті, 1500 га алаңда 1 дала өрті және 955 га жалпы алаңда 56 дала жануы орын алды.

Табиғи өрттерді болдырмау мақсатында кеңінен үгіт-насихат, түсіндіру жұмыстары жүргізілуде. Өрт қауіпті кезең басталғаннан бері барлығы 368 рейд, 1137 профилактикалық іс-шара, 28 дөңгелек үстел, 352 жиын және 757 нұсқама өткізілді, - деп ТЖД бастығы хабарлады.

Мемлекеттік өртке қарсы қызмет бөлімшелері жоқ елді мекендерде өрттер мен табиғи өрттерге ден қою үшін жергілікті атқарушы органдар 201 ерікті өртке қарсы құралым, 45 өрт сөндіру бекетін құрды, 85 мобильді өрт сөндіру кешені сатып алынды.

Жалпы облыста табиғи өрттермен күресу үшін ағымдағы жылы 53 бірлік техника сатып алынды, тағы 26 бірлік техника сатып алынады деп күтілуде, - деп Мұрат Қатпанов атап өтіп,  өрт сөндіру бекеттеріне техника мен жеке құрамды орналастыруға арналған аз шығынды, тез құрастырылатын модульдік ангарларды пайдалануды ұсынды.

Су айдындарында қауіпсіздікті қамтамасыз етуге де ерекше көңіл бөлінеді. ТЖД құтқарушылары судағы демалыс орындарында және стихиялық жағажайларда 800-ден астам патрульдеу жүргізді, жергілікті полиция қызметімен бірлесіп 300-ден астам рейд жүргізді, оның барысында профилактикалық әңгімемен 115 мыңнан астам адам қамтылды. Су айдындарындағы қауіпсіздік ережелерін бұзғаны үшін 245 тұлға ескерту және 1 миллион теңгеден астам айыппұл түрінде әкімшілік жауапкершілікке тартылды.

Облыстың елді мекендерінде қосымша шомылу жағажайларын құру мәселелері талқыланды.

Отырысқа шығарылған барлық мәселелерді талқылағаннан кейін облыс әкімі бірқатар тапсырмалар берді, оның ішінде табиғи өрттермен күресу үшін өңірлерді материалдық-техникалық жарақтандыру және қаржы жылы аяқталғанға дейін коммуналдық жағажайлар құру бойынша жұмыстарды жеделдету бойынша тапсырмалар берілді.

 

 

 

Қарағанды облысының ТЖД баспасөз қызметі