Шығыс Қазақстандағы табиғи өрт оқшауланды

Шығыс Қазақстандағы табиғи өрт оқшауланды

2023 жылғы 3 шілдеде Ұлан ауданының Асубұлақ орман шаруашылығы аумағындағы тауда орын алған өрт 2023 жылғы 6 шілдеде шамамен 20 га алаңда сағат 15 .10-да оқшауланды.

Орманшылармен бірге  өрт сөндірушілер және жергілікті атқарушы органдар жетуі қиын жерлердегі шөптер мен бұталардың өртімен күресті.

Өртті сөндіру үшін тар, әрі шөп басқан жолдармен жүріп, тау шатқалдары мен жартастар арқылы өту керек болды. Кейде от тастардың астындағы шөпті шарпып, сөндіру жұмыстарына қиындық туғызды.  Өрт сөндірушілер қолмен, аспалы өрт сөндіргіштерінің көмегімен біртіндеп отты қоршады.

Өртті сөндіруге авиация да көмек көрсетті.

Өрт шыққан сәттен бастап тікұшақтармен таулардағы биік ошаққа десант жеткізілді. Содан кейін «Қазавиақұтқару» АҚ МИ-8, Қорғаныс министрлігінің МИ-171 және ШҚО әуе бөлімшелерінің МИ-8 тікұшақтары өртті әуеден сөндірді.  Су төгетін құрылғылардың көмегімен өрт ошақтарына барлығы 125 рет су төгілді.

Қазәуеорманкүзеті  МИ - 2 тікұшағымен өрт орнына тұрақты мониторинг жүргізілді. Барлық түтін нүктелерін жоғарыдан қарап,  бұл туралы ақпарат дереу өртке қарсы штабқа жіберіліп отырды.

Өртті сөндіруге барлығы  орманшылардан, өрт сөндірушілерден және жергілікті атқарушы органдардан  250-ден астам адам, 26 бірлік техника, «Қазавиақұтқару» АҚ-дан, Қорғаныс министрлігінен, ШҚО әуе бөлімшесінен, Қазәуеорманкүзетінен 5 тікұшақ жұмылдырылды.

 

Шығыс Қазақстан облысы ТЖД баспасөз қызметі