
Отан қорғаушылар күні мен Ұлы Отан соғысындағы Жеңіс күнін мерекелеу аясында азаматтық қорғаудың аға сержанты Бейбіт Ниязбеков «Құтқарушы» төсбелгісімен марапатталды.
Қарағанды облысы ТЖ департаментінің Өрт сөндіру және авариялық-құтқару жұмыстары қызметінің № 12 өрт сөндіру бөлімі бөлімшесінің командирі Бейбіт Ниязбеков 2010 жылдан бастап азаматтық қорғау органдарында қызмет етеді. Ол өзінің ең жақсы қасиеттерін ең қиын өрттер мен құтқару жұмыстарында бірнеше рет көрсетті.
Солардың біріне тоқтала кетсек, 2020 жылдың 30 мамырында Қарағанды қаласында Жекібаев көшесінің бойында болған өрт оқиғасы болды. Шақыру орнына жеткенде бес қабатты тұрғын үйдің бірінші қабатындағы үш бөлмелі пәтерден өрт шығып, жоғарғы қабаттарда қатты түтін шықты. Газ-түтіннен қорғау қызметі құрамында Бейбіт Ниязбеков бірден өзіне жүктелген жауынгерлік міндетінің бірі – тұрғындарды түтін басқан пәтерлерден құтқаруға кірісті. Шыдамдылық, төзімділік пен байсалдылық танытқан Бейбіт құтқару қалпақшасын пайдаланып, үрейге бой алдырған жұртты сыртқа алып шықты.
№12 өрт сөндіру бөлімі бөлімшесінің командирі Бейбіт Ниязбеков шешуші іс-қимылдың және өз уақытында жауапкершілікті өз мойнына алудың арқасында 3 адамның өмірін сақтап қалды, оның 2-і балалар болды және өрттің таралуын тоқтатты.
Қарағанды облысы ТЖД баспасөз қызметі