
26 сәуірде Қарағанды облысының әкімі Ермағанбет Бөлекпаевтың төрағалығымен облыстық Төтенше жағдайлардың алдын алу және оларды жою жөніндегі комиссияның отырысы өтті. Жиын барысында су тасқыны кезеңінің қорытындысы, өрт қауіпті кезеңге дайындық және суға түсу маусымын қауіпсіз өткізу мәселелері талқыланды.
Күн тәртібіндегі қаралған мәселелер бойынша Қарағанды облысы Төтенше жағдайлар департаменті басшысының міндетін атқарушы Нұрлан Бекбосынов сөз сөйледі.
«Су тасқыны кезеңі қолайлы температуралық режимнің арқасында қалыпты режимде өтті, өзендердің ашылуы және қардың еруі біртіндеп болды. Осы жағдайлардың барлығы және жергілікті атқарушы органдар мен мемлекеттік ұйымдар тарапынан жүргізілген ауқымды дайындық жұмыстары су тасқынының тұрақты әрі апатсыз өтуіне оң әсерін тигізді», – деді Нұрлан Бекбосынов.
Ұзақ мерзімді бақылаулар мен су тасқыны оқиғаларының әсерін ескере отырып, Төтенше жағдайлар департаменті ағымдағы жылдың жазғы-күзгі кезеңінде іске асыру үшін облыстық Инженерлік жұмыс жоспарына іс-шаралар тізбесін қалыптастыру бойынша жұмыс жүргізуде.
«Қазіргі таңда Төтенше жағдайлар департаментінің ерекше назары өрт қаупті кезеңінде халықтың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған. Табиғи өрттерге жедел ден қою үшін Төтенше жағдайлар департаментінде рейдтік іс-шараларды өткізу үшін облыстық штаб пен 58 мобильді топ құрылды», - деді Нұрлан Бекбосынов.
Дала өрттерін жою үшін жергілікті атқарушы органдармен 252 ерікті өрт сөндіру бөлімшелері құрылды. Өңірлер біртіндеп ерікті құрамаларды өртті сөндіруде тиімді жылжымалы кешендермен жарақтандыруда.
Табиғи өрттерді жою үшін облыста 45 өрт сөндіру бекеті жұмыс істейді, оның ішінде 2022 жылы 9 бекет құрылды, олардың қорғауында жалпы саны 50 мыңнан астам тұрғыны бар 87 елді мекен бар.
Өрт сөндіру бекеттерін дамыту алдағы уақытта да жалғасын табады. Ағымдағы жылдың жоспарында Ақтоғай, Қарқаралы, Шет аудандарының аумағында тағы 3 бекет құру көзделген. Сонымен қатар, Ақтоғай ауданының Сарышаған кентінде қосымша өрт сөндіру бекетін құру жоспарлануда.
Сондай-ақ қаралып жатқан мәселелер бойынша қала және аудан әкімдері, облыстық басқармалар мен ұйымдар басшылары тыңдалды.
Ермағанбет Бөлекпаев барлық қалалар мен облыстардың әкімдіктеріне, табиғатты қорғау мекемелеріне, ұлттық парктерге және басқа да мүдделі органдарға дала өрттерінің алдын алу және оның салдарын барынша азайту мақсатында алдын алу шаралары кешенін жүргізуді тапсырды.
Қарағанды облысы Төтенше жағдайлар департаментінің баспасөз қызметі