
Ең қауіпті мамандықтардың бірі – өрт сөндіруші мен құтқарушы қызметі. Күн сайын табиғи апат немесе қауіпсіздік ережелерін бұзу салдарынан туындаған тілсіз жаумен бетпе-бет келетін маман иелерінің қызметі оңай емес. Кез келген сәтте өзіңе тап беруі мүмкін қызыл жалынды ауыздықтау, оның ортасынан адамды аман алып шығу – ерлікпен пара-пар жұмыс. Бұл жерде қызмет етуге көп адамның батылы жете бермейді. Ал батылы жетіп келгендер – нағыз жүрек жұтқандар. Солардың бірі – азаматтық қорғау қызметінің кіші сержанты Нұрсұлтан Баймұхамбетов.
Нұрсұлтан Баймұхамбетов 2019 жылдан бері өрт сөндіруші-құтқарушы қызметін атқарып келеді. Ол – өте жауапты, өз міндетін бұлжытпай орындайтын және жұмысына асқан жауапкершілікпен қарайтын маман.
Мысалы, 2020 жылғы 14 маусымда түнгі сағат 23:50-де біздің бөлімшеге қаламыздың «Болашақ» шағын ауданындағы пәтерде өрт шыққаны туралы хабарлама түсті. Нұрсұлтан Баймұхамбетов алғашқы жасақпен бірге дереу шақыру учаскесіне аттанды. Барса, 5-қабаттағы пәтер өртеніп жатыр екен. Сол кезде өрт сөндірушілер бірден нақты және уақытылы іске кірісіп, қызыл жалынның ішінен екі адамды аман алып шығып, жедел жәрдемге тапсырып үлгерді.
2021 жылғы 14 қаңтарда «Мүшелтой» шағын ауданындағы тұрғын үйдің 4-қабатындағы пәтер өртенгені туралы шақырту алдық. Бұл кезде де оқиға орнына алғашқылардың бірі болып Нұрсұлтан Баймұхамбетов жетіп, бірден авариялық-құтқару жұмыстары мен өрт сөндіруге кірісті. Ол кезде пәтерде кәмелетке толмаған балалар болған. Баймұхамедов мұны біле салысымен басын тәуекелге тігіп, тілсіз жау жалмаған пәтерге бірінші болып кірген. Оның батыл әрекетінің арқасында балалар аман қалып, оларға медициналық көмек көрсетілді.
Нұрсұлтан Мақсатұлы белсенді қызметі және құтқару жұмыстарына белсене қатысқаны үшін 2021 жылы ҚР ТЖМ бұйрығымен «Төтенше жағдайдағы ерлігі үшін» медалімен марапатталды. Ал 2022 жылы Жетісу облысы әкімінің «Көшбасшы – 2022» жастар сыйлығының «Үздік жас батыр» аталымы бойынша жүлдегері атанды.
Біздің қызметіміз қаншалықты қауіпті болса, қоғамға соншалықты пайдалы әрі қымбат. Өз өмірін қауіп-қатерге тіге жүріп, өзгенің өмірін арашалап қалатын жандар қызыл жалын тұтанған сайын ерлік жасайды.
Шоқан НҰРТАЗИН,
Жетісу облысы ТЖД ӨС және АҚЖҚ
Талдықорған қаласы №2 өрт сөндіру бөлімінің бастығы