2023 жылғы 7 сәуірде Тараз қаласы №85395 әскери бөлімінің ғимаратында Жамбыл облысы ТЖД Өрт сөндіру және авариялық-құтқару жұмыстары қызметінің Тараз қалалық №4 өрт сөндіру бөлімінің қызметкерлерімен өрттің алдын алуға бағытталған өрт тактикалық сабақ өткізілді. Аталған сабаққа өрт сөндіру бөлімінен 2 өрт сөндіру автокөлігі мен жеке құрамнан 20 адам қатысып, өрт немесе түрлі сипаттағы төтенше жағдайлар туындағанда әрекет ету бойынша әдіс-тәсілдері жан-жақты пысықталды. Өрт сөндіру қызметі келгенге дейінгі әскери бөлімнің қызметшілерімен атқарылатын өрт сөндіру және қауіпсіз орынға көшіру жұмыстары да жан-жақты талқыланды.
Жалпы, түрлі сипаттағы төтенше жағдайлар немесе өрт оқиғалары кезінде өрт сөндіруші құтқарушылар өздеріне тиісті аумақтағы ғимараттың құрлыстық ерекшелігін нақты білуі тиіс. Осыған орай, мұндай бағыттағы өрт тактикалық сабақтары Жамбыл облысының от жауынгерлері арасында жиі өткізіліп келеді. Соңғы уақытта тек Жамбыл облысында ғана емес, еліміздің көптеген аумақтарында халық санының артуы және тиісінше құрылыс нысандарының көптеп салынуы нәтижесінде өрт немесе түрлі сипаттағы төтенше жағдайлардың артуы анық байқалады. Дегенмен, әр адам өрт қауіпсіздігі ережелерін қатаң сақтаса, мұндай келеңсіздіктерді біршама азайтуға өзіндік ықпал ететіндігі сөзсіз. Мысалы, ағымдағы жылдың 3 айында. Мысалы, жедел деректер бойынша ағымдағы жылдың үш айында Жамбыл облысында 156 өндірістік және тұрмыстық өрт болды. Онда 11 адам зардап шекті, оның ішінде 8 адам қаза тапты. Материалдық шығын 28,31 млн. теңгені құрады .
Осы орайда облыс және қала тұрғындары мен қонақтарына газ және электр құралдарын пайдалану барысында қауіпсіздік ережелерін қатаң сақтап, балалардың отпен ойнауына жол бермеулерін қадағалауға кеңес береміз. Ал ауа-райының қолайсыз кезеңдерінде шалғайға жолға шығуды кейінге қалдырған жөн екендігін еске саламыз.
Өрт немесе төтенше жағдай туындағанда уақыт оздырмай, шұғыл түрде «101» және «112» телефон нөмірлеріне қоңырау шалу қажеттігін еске саламыз.
Жамбыл облысы ТЖД баспасөз қызметі