
Өңірлік коммуникациялар қызметінің алаңында Ақмола облысы ТЖД бастығының орынбасары Әсет Жақсылықовтың қатысуымен «Тұрғын үй секторындағы жылыту маусымына дайындық» тақырыбында брифинг өтті.
Ағымдағы жылдың 15 тамызынан бастап жылыту кезеңі қарсаңында облыс бойынша халықты тұрғылықты жері бойынша пешпен жылытуды, электрмен жылыту аспаптарын пайдалану кезінде өрт қауіпсіздігі шаралары мен қағидаларына және өрт туындаған жағдайдағы іс-қимылдарға оқытуға бағытталған өрт қауіпсіздігі айы өткізілуде. Нұсқама жүргізу кезінде эвакуациялау жолдарының, көп пәтерлі тұрғын үйлердегі жалпы пайдалану орындарының жай-күйіне ерекше назар аударылады, отынды сақтау, қазандықтар мен өзге де жылу өндіргіш қондырғыларды дайындау режимін сақтау қағидалары, пештерді, жылыту құрылғыларын пайдалану қағидалары түсіндіріледі.
Брифинг барысында 2021-2022 жылдардағы жылу беру кезеңінде халықтың әлеуметтік осал топтарының үйлерінде 3 345 улы газды ерте анықтау датчигі орнатылғаны белгілі болды.
«Жүргізіліп жатқан үгіт-насихат жұмыстарына қарамастан, өткен жылдың жылыту кезеңінде облыста 356 өрт тіркелді. Бірінші кезекте тұрғындарға жылыту кезеңі басталғанға дейін электр сымдарын жарамды күйге келтіру, жылыту пештері мен жабдықтарына жөндеу жүргізу ұсынылады. Сондай-ақ, 3 айда кемінде 1 рет жылыту пешінің түтіндіктерін күйеден тазарту қажет», – деп атап өтті Әсет Жақсылықов.
Ақмола облысының Төтенше жағдайлар департаменті облыс тұрғындары мен қонақтарына өрт қауіпсіздігі ережелерін сақтау қажеттігін ескертеді. Қолдан жасалған электр қыздырғыш аспаптарын пайдалануға, бір желіге бірнеше электр аспаптарының қосылуына жол берілмейді, бұл электр желісінің шамадан тыс жүктелуіне әкеп соғады. Ең бастысы, балаларға тұрмыстық жылыту құралдарын өз еркімен пайдалануға рұқсат бермеңіз, сіріңкелерді балалардың қолдары жетпейтін жерлерге алып тастаңыз және ешбір жағдайда кішкентай балаларды ересектердің қарауынсыз үйде жалғыз қалдырмаңыз. Төтенше жағдайлар туындаған жағдайда «101» немесе «112» нөміріне қоңырау шалыңыз. Өзіңізді және жақындарыңызды қорғаңыз!
Ақмола облысы ТЖД баспасөз қызметі