
2022 жылғы 25 қаңтарда сағат 8.58-де Ақтөбе облысы ТЖД кезекші-диспетчерлік қызметінің пультіне М. Оспанов атындағы Батыс-Қазақстан медициналық университетінің студенттер жатақханасында тоңазытқыштың жанып жатқаны туралы хабарлама түсті. Бұл жөнінде ТЖМ ресми өкілі Талғат Уәли мәлімдеді.
Өрт Пацаев көшесі, 4 мекенжайында орналасқан жатақхананың үшінші қабатында орын алды.
Оқиға орнына Ақтөбе облысының ТЖД Өрт сөндіру қызметінің жеке құрамынан 42 адам және 11 бірлік техникасы жіберілді.
Оқиға орнына келген бойда өрт сөндірушілер мен құтқарушылар адамдарды шұғыл эвакуациялауға кірісті. Жатақхана терезелерінен қалың түтін шығып, баспалдақ маршының көмегімен құтқарушылар 39 шетелдік азаматты құтқарды. 131 адам эвакуацияланды, оның ішінде 105 шетелдік азамат. Құтқарылған және эвакуацияланған адамдар жылжымалы жылыту пунктіне орналастырылды.
Өрттің алдын ала ауданы 16 шаршы метрді құрады. Өрттің шығу себебі анықталуда.
ТЖМ тұрғындар назарына барлық сақтық шараларын сақтай отырып, әрдайым мұқият болуларын сұрайды. Өрт болған жағдайда 101 және 112 телефонына хабарласыңыздар!
ҚР ТЖМ баспасөз қызметі