
Ақмола облысында жыл сайын ауа райының суыта басталуымен және жылыту маусымының жақындауымен жазатайым оқиғалар мен жарақаттардың алдын алу мақсатында Төтенше жағдайлар департаменті үйлерді аралап, рейдтер жүргізеді. Бұл іс-шаралар екі кезеңде өткізіледі. Біріншісі 15 тамыздан 15 қыркүйекке дейін, екіншісі 15 қазаннан 15 қарашаға дейін созылады. Бұл туралы Ақмола облысы ТЖД Мемлекеттік өрт бақылау басқармасының бастығы Думан Далешов айтты.
Аралау кезінде пештер мен мұржаларды, электр жылытқыштарды орнатуға баса назар аударылады. Сондай-ақ, өрттің алдын алу туралы ақпарат бар жадынамалар табысталады. ТЖ департаментінің бастамасы бойынша өрт қауіпсіздігі айлығының бірінші кезеңін өткізу кезінде әлеуметтік қорғау, әкімдік, тұрғын үй инспекциясы, ЖПҚ және т.б. өкілдерімен бірлесіп халықтың әлеуметтік осал топтарының тұрғын үйлеріне бару жоспарлануда. Бұл халықтың әлеуметтік осал топтарынан тұратын отбасыларды қауіптен қорғау үшін жасалады.
Статистикаға сәйкес, ағымдағы жылдың басынан бері облыста 655 өрт тіркелген. Шақырулардың басым бөлігі (шығулардың жалпы санының 60%) тұрғын үй секторына тиесілі.
Өрттің негізгі себептері: отты абайсыз қолдану; электр жабдығын монтаждау және пайдалану қағидаларын бұзу; жылыту пештерін орнату және пайдалану кезінде өрт қауіпсіздігі қағидаларын бұзу; тұрмыстық электр құралдарын пайдалану кезінде өрт қауіпсіздігі ережелерін бұзу.
Жылыту пештерін дайындау, бірінші кезекте, түтін қалдықтарын күйеден, өртке қарсы бөлгіш құрылғылардан пештің қызатын бетіне дейін тазартуды көздейді.
«Құрметті қала тұрғындары мен қонақтары! Электр аспаптары мен жылыту пештерін орнату кезінде абай болыңыз. Ақаулы розеткаларды, басқа заттарды пайдаланбаңыз. Жанып жатқан пешті қараусыз қалдырмаңыз, сондай-ақ, өрт қауіпсіздігі талаптарына жауап бермейтін пештерді пайдаланбаңыз. Қауіпсіздік шараларын сақтамау қайғылы жағдайға әкелуі мүмкін», – деді Думан Далешов.
Ақмола облысының ТЖД баспасөз қызметі