
2021 жылғы 5 шілдеде Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығына және қала күнін мерекелеуге орай Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар министрі Юрий Ильиннің, Нұр-Сұлтан қаласының әкімі Алтай Көлгіновтің қатысуымен "Құтқарушылар саябағы" скверінің салтанатты ашылу рәсімі өтті. Осы іс-шараға азаматтық қорғау органдарының ардагерлері, өрт сөндіру кезінде қаза тапқан батырлардың туыстары, сондай-ақ шақырылған қонақтар да қатысты.
«Құтқарушылар саябағы» өрт сөндірушілер мен құтқарушылардың, сондай-ақ қызметтік міндеттерін орындау кезінде қаза тапқан қызметкерлердің құрметіне салынған.
«Құтқарушылар саябағы» сквері Адольф Янушкевич пен Александр Пушкин көшелерінің қиылысында орналасқан. Сквердің ауданы 3404 шаршы метрді құрайды.
Құтқарушылар скверінің орталығында өрт сөндіруші түрінде жасалған ескерткіш бар, ол өзгенің өмірін құтқару үшін күн сайын өз өмірін қауіпке тігетін батырларға алғыс ретінде орнатылған. Сонымен қатар, аумақта 1964 жылы шығарылған АЦ-30 МАЗ 205 раритетті арнайы өрт сөндіру машинасы орнатылған.
Сквердің аумағы екі паркур аймаққа бөлінген: балалар және ересектер аймақтары. 150-ге жуық ағаш отырғызылған, гүл бағы да бар.
ҚР ТЖМ баспасөз қызметі