
2026 жылдың басынан бері ТЖМ мемлекеттік өртке қарсы қызмет бөлімшелері өрт сөндіруші-құтқарушылардың практикалық машықтарын жетілдіруге және әртүрлі мақсаттағы нысандардағы төтенше жағдайларды жоюға дайындық деңгейін арттыруға бағытталған 310 өрт-тактикалық оқу-жаттығу өткізді.
Практикалық іс-шараларға 9 843 қызметкер қатысып, 2 456 бірлік өрт және арнайы техника жұмылдырылды. Оның ішінде 1 451 бірлік негізгі өрт сөндіру техникасы, 418 бірлік арнайы техника және 546 бірлік қосалқы техника пайдаланылды.
Оқу-жаттығулар еліміздің барлық өңірлерінде өрт қаупі жоғары және адамдар жаппай жиналатын нысандарда ұйымдастырылды. ТЖМ бөлімшелері өнеркәсіп кәсіпорындарында, мұнай-газ кешені нысандарында, сауда-ойын-сауық орталықтарында, қонақ үйлерде, білім беру және денсаулық сақтау ұйымдарында, әкімшілік ғимараттарда, сондай-ақ орман, дала және өзге де табиғи өрттерді сөндіру кезіндегі іс-қимылдарды пысықтады.
Жаттығулар барысында адамдарды құтқару және эвакуациялау, үздіксіз сумен жабдықтауды ұйымдастыру, күштер мен құралдарды жедел өрістету, заманауи өрт техникасын тиімді пайдалану, өрт сөндіру штабтарының жұмысын ұйымдастыру, сондай-ақ жедел қызметтермен, жергілікті атқарушы органдармен және нысан әкімшіліктерімен өзара іс-қимылды жетілдіруге ерекше назар аударылды.
Әрбір өрт-тактикалық оқу-жаттығу нақты жағдайларға барынша жақындатылып өткізіледі. Бұл жеке құрамның кәсіби даярлығын жетілдіріп қана қоймай, нысандардың төтенше жағдайлар кезіндегі іс-қимылдарға дайындығын бағалауға, барлық қызметтердің өзара іс-қимыл алгоритмдерінің тиімділігін тексеруге және қосымша пысықтауды қажет ететін мәселелерді уақтылы анықтауға мүмкіндік береді.
Өртке қарсы бөлімшелердің практикалық даярлығын жетілдіру Төтенше жағдайлар министрлігі қызметінің басым бағыттарының бірі болып қала береді. Өрт-тактикалық оқу-жаттығуларды тұрақты өткізу ден қою деңгейін арттыруға, ведомствоаралық өзара іс-қимылды нығайтуға және ең бастысы, азаматтық қорғау күштерінің адамдардың өмірін құтқару, экономика объектілерін қорғау, сондай-ақ өрттер мен өзге де төтенше жағдайлар кезінде жедел әрекет етуге тұрақты әзірлігін қамтамасыз етуге ықпал етеді.