Сұрақ: Айналыста заңнаманы бұзудың нақты фактілері болмаған кезде объектілер тексерілеме?
Кәсіпкерлік Кодекстің 144-бабына сәйкес бақылау және қадағалау органы адамның өмірі мен денсаулығына, қоршаған ортаға, жеке және заңды тұлғалардың, мемлекеттің заңды мүдделеріне төнген тікелей қатердің алдын алу және (немесе) оны жою мақсатында, нақты бақылау мен қадағалау субъектісіне (объектісіне) қатысты жоспардан тыс тексеруді тағайындауға негіз болған нақты фактілер мен мән-жайлар бойынша тағайындайтын тексеру жоспардан тыс тексеру болып табылады.
Сонымен қатар, Кодекстің 144-бабы 5-тармағының 3) тармақшасына сәйкес жоспардан тыс тексеру жүргізу үшін негіздердің бірі жеке және заңды тұлғалардың Қазақстан Республикасы заңнамасының талаптарын бұзудың нақты фактілері бойынша өтініштері болып табылады, оларды жоймау адамның өмірі мен денсаулығына зиян келтіруге әкеп соғады.
Өтініште нақты кәсіпкерлік субъектілері мен объектілеріне қатысты нақты фактілер мен мән-жайлардың болмауына байланысты осы өтініш бойынша тексеру жүргізу мүмкін емес.
Сұрақ: Объектілерді салу кезінде қандай өртке қарсы қашықтықты сақтау қажет
Өрт қауіпсіздігі талаптары, оның ішінде ғимараттар мен құрылыстарды жобалау және салу кезінде сақталуы міндетті болып табылатын ғимараттар арасындағы өртке қарсы қашықтық «Өрт қауіпсіздігіне қойылатын жалпы талаптар» техникалық регламентінде белгіленген (ТЖМ 2021 жылғы 17 тамыздағы №405 бұйрығымен бекітілген, бұдан әрі – Техникалық регламент).
Техникалық регламентке сәйкес ғимараттар арасындағы өртке қарсы қашықтық олардың функционалдық мақсатына (тұрғын үй, қоғамдық, әкімшілік және т.б.) және отқа төзімділік дәрежесіне байланысты және мыналарды: минимум – 6, максимум – 15 құрайды.
Айта кету керек, өртке қарсы қашықтықты сақтау талаптары жобалау және құрылыс кезеңдерінде орындалуы керек, яғни жобалау және құрылыс ұйымдары үшін міндетті болып табылады.
Сонымен қатар, азаматтық қорғау және сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі саласындағы қолданыстағы заңнамаға сәйкес азаматтық қорғау органдары құрылыс саласындағы бақылау функцияларын жүзеге асырмайды, яғни құрылысқа арналған жобалау құжаттамасын келісуге, салынып жатқан объектілердің өртке қарсы жай-күйін тексеруге, сондай-ақ құрылысы аяқталған объектілерді қабылдауға қатыспайды.
Өз кезегінде, «Қазақстан Республикасындағы сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі туралы» Заңға сәйкес объектілер құрылысының сапасын мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылауы және қадағалау, «Әкімшілік құқық бұзушылықтар туралы» Қазақстан Республикасының Кодексінде белгіленген осы объектілердегі сәулет-қала құрылысы тәртібін бұзушыларға әкімшілік ықпал ету шараларын қолдану, сондай-ақ жобалау құжаттамасының сапасын қадағалауды ұйымдастыру мен жүзеге асыруды жергілікті атқарушы органдар жүзеге асырады.
Осыған байланысты, өртке қарсы қашықтықтар бойынша ғимараттар мен құрылыстарды жобалау және салу сатыларында жол берілген бұзушылықтар анықталған жағдайда, аумақтылығы бойынша тиісті әкімдіктерге жүгіну қажет.