"Қарасора - 2026" республикалық жедел-профилактикалық іс-шарасы аясында Маңғыстау облысы полиция департаментінің қызметкерлері ҰҚКД қызметкерлерімен және "Арлан", "Бүркіт" арнайы жасақтарының жауынгерлерімен бірлесіп, есірткі заттарының заңсыз айналымына қатысты екі деректің жолын кесті.
Мұнайлы ауданында полицейлер "Кира" қызметтік итінің көмегімен ішінде екі ер адам болған BMW автокөлігін тоқтатты.
Олардың бірін жеке тінту барысында салмағы 34,6 грамм марихуана салынған орама табылып, тәркіленді.
Сот шешімімен автокөлік жүргізушісі 7 жыл мерзімге көлік құралдарын басқару құқығынан айырылды. Ал екінші ер адамның медициналық куәландыру қорытындысына сәйкес есірткілік масаң күйде болғаны анықталды. Ол ҚР ӘҚБтК-нің 440-1-бабы бойынша жауапкершілікке тартылды.
Сол күні Жаңаөзен қаласында полиция қызметкерлері жеке тұрғын үйлердің бірінде тінту жүргізді.
Тінту барысында гараж бен шаруашылық бөлмелерінен жалпы салмағы 198,37 грамм марихуана салынған көптеген орамалар мен пакеттер табылып, тәркіленді.
Аталған дерек бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің 296-бабымен қылмыстық іс қозғалды.
Осылайша, екі жедел іс-шараның нәтижесінде полиция қызметкерлері жалпы 232,97 грамм марихуана тәркіледі.
Екі дерек бойынша да оқиғаның барлық мән-жайын және оған қатысы болуы мүмкін тұлғаларды анықтауға бағытталған тергеу амалдары жалғасуда.
Полиция департаменті есірткі заттарының заңсыз айналымына қарсы жүйелі жұмысты жалғастыруда.
Тергеу жалғасуда.
Ішкі істер министрлігінде Kinopark Theatres кинотеатрлар желісінің PR-директоры Ерлан Бұхарбаевпен жұмыс кездесуі өтті. Кездесу қорытындысы бойынша есірткі тұтынудың алдын алу және халық үшін қауіпсіз орта қалыптастыру бағытында мемлекет пен бизнестің күш-жігерін біріктіруді көздейтін ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды.
Тараптар ең алдымен жастарға бағытталған бірлескен профилактикалық бастамаларды жүзеге асыруды талқылады. Ынтымақтастықтың негізгі бағыттарының бірі – мәдени-демалыс саласының мүмкіндіктерін пайдалана отырып, салауатты өмір салтын насихаттау, есірткіге саналы түрде теріс көзқарас қалыптастыру.
Қазан айының алғашқы онкүндігінде отандық және шетелдік фильмдердің премьералық көрсетілімдері алдында есірткіге қарсы бейнероликтерді тұрақты түрде көрсету тетігін пысықтау жоспарланып отыр. Профилактикалық материалдарды еліміздің 18 қаласындағы Kinopark Theatres кинотеатрларында көрсету көзделген. Бұл ақпараттық-түсіндіру жұмыстарының ауқымын едәуір кеңейтіп, көпшілікке есірткі тұтынудың салдары мен оған байланысты қауіп-қатерлер туралы маңызды ақпарат жеткізуге мүмкіндік береді.
Kinopark Theatres өкілдері ІІМ бастамасын қолдап, әлеуметтік серіктес ретінде профилактикалық іс-шараларға ерікті негізде қатысуға дайын екендерін білдірді.
ІІМ әлеуметтік жауапкершілігі жоғары бизнеспен өзара іс-қимыл есірткі тұтынудың кешенді профилактикасының маңызды бөлігі екенін атап өтті. Бірлескен жобалар салауатты өмір салты құндылықтарын дәріптеу, жастардың қауіпсіз әрі пайдалы бос уақыт өткізуіне жағдай жасау және олардың есірткі ортасына тартылуының алдын алу үшін заманауи әрі сұранысқа ие алаңдардың мүмкіндіктерін пайдалануға жол ашады.
Ішкі істер министрлігі "Заң мен Тәртіп" қағидатын ілгерілету аясында бизнес, мәдениет саласы және қоғам өкілдерімен ынтымақтастықты одан әрі дамытуды жалғастырады. Мемлекет пен қоғамның күш-жігерін біріктіру есірткі тұтынудың алдын алу шараларының тиімділігін арттыруға, қауіпті азайтуға және қоғамдық қауіпсіздікті нығайтуға ықпал етеді.
Ішкі істер министрлігі Оқу-ағарту министрлігімен және "Bilim Group Ltd" компаниясының IT-мамандарымен бірлесіп, "BilimClass" білім беру платформасына "Заң мен Тәртіп" инновациялық инфрақұрылымын енгізу бойынша бірлескен жобаны іске асыруға кірісті. Аталған платформа еліміздегі мектептерде электрондық күнделік ретінде пайдаланылады.
Бастаманың негізгі мақсаты - бір реттік дәрістерден есірткіге қатысты құқық бұзушылықтар мен нашақорлықтың алдын алудың жүйелі онлайн форматына көшу. Жоба аясында мамандардың қатысуымен тұрақты вебинарлар өткізу, педагогтерді онлайн оқыту және ата-аналар қауымдастығымен виртуалды кездесулер ұйымдастыру көзделген.
"Заң мен Тәртіп" инфрақұрылымын "BilimClass" платформасына енгізу арқылы оқушылар, ата-аналар және педагогтер тұрғылықты жеріне қарамастан құқықтық және профилактикалық ақпаратты бірдей ала алады.
Цифрлық платформа 2,5 млн-нан астам оқушыны, 350 мың педагогті және 5 млн-нан астам ата-ананы біріктіріп, 5 мыңнан астам мектепті қамтиды.
Платформадағы профилактикалық материалдар үш негізгі санатқа бөлінген:
"Оқушы" - құқық бұзушылықтың алдын алуға арналған интерактивті тесттер, бейнероликтер мен электрондық буклеттер орналастырылады. Сонымен қатар оқушыларға волонтерлік қызмет туралы және ішкі істер органдарының оқу орындарына түсу мүмкіндіктері жөнінде ақпарат беріледі.
"Ата-ана" - баланың мінез-құлқындағы қауіп белгілерін ерте анықтауға көмектесетін құралдар, "Әр үйге тест" бағдарламасы және қажет болған жағдайда хабарласуға болатын анонимді сенім қызметтерінің байланыстары ұсынылады.
"Педагог" - мұғалімдерге оқушылармен күнделікті профилактикалық жұмыс жүргізуге көмектесетін әдістемелік ұсынымдар мен цифрлық құралдар ұсынылады.
Платформаның басты артықшылығы - білім беру процесінің барлық қатысушылары арасында үздіксіз қашықтан өзара іс-қимыл жасау мүмкіндігі.
Алдағы уақытта ІІМ платформаның функционалдық мүмкіндіктерін айтарлықтай кеңейтуді жоспарлап отыр. Жүйеге лудоманияның алдын алу, жол және киберқауіпсіздікті қамтамасыз ету, сондай-ақ балаларды интернет кеңістігіндегі өзге де қауіп-қатерлерден қорғауға арналған жаңа өзекті бөлімдер қосылады.
Елордаға есірткінің ірі партиясын жеткізуге әрекет жасағандар құрықталды. Жедел-іздестіру іс-шаралары барысында есірткі заттарын таратты деген күдікке ілінген 20 жастағы ер адам мен 18 жастағы қыз анықталды.
Елордаға кіреберістегі бекеттердің бірінде полиция қызметкерлері күдіктілер отырған KIA автокөлік жүргізушісін тоқтатқан.
Көліктің салонын тінту барысында ішінде екі вакуумдалған пакет болған қорап табылды. Пакеттердің ішінде ақ түсті ұнтақ тәрізді зат болған. Сараптама қорытындысына сәйкес, тәркіленген заттың мефедрон екені анықталды. Оның жалпы салмағы 2 келіні құрады.
Сонымен қатар олар тұрған пәтерді тінту кезінде полиция қызметкерлері тағы да 1 келіге жуық осындай затты, сондай-ақ оны өлшеп, орауға арналған заттарды тапты.
Жалпы салмағы 3 келіден асатын барлық заттай дәлелдемелер тәркіленді.
Аталған факті бойынша қылмыстық іс қозғалды. Екі күдікті де уақытша ұстау изоляторына қамалды.
Полиция есірткіні жеткізу және тарату арналарының жолын анықтау әрі кесу бойынша жұмысты жалғастыруда.
Алматы қаласында Есірткі құралдарының, психотроптық заттар мен олардың прекурсорларының заңсыз айналымына қарсы күрес жөніндегі Орталық Азия өңірлік ақпараттық үйлестіру орталығына қатысушы мемлекеттердің Ұлттық үйлестірушілері кеңесінің кезекті отырысы өтті.
Отырысқа Әзербайжан, Қазақстан, Қырғызстан, Ресей, Тәжікстан, Түрікменстан және Өзбекстанның құзыретті органдарының басшылары мен өкілдері, сондай-ақ халықаралық ұйымдардың өкілдері (БҰҰ ЕҚБ, ЕҚЫҰ, АҚШ INL) қатысты.
Кеңес отырысы Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің төрағалығымен өтті.
Қатысушылар өңірлік және халықаралық ынтымақтастықтың өзекті мәселелері, 2026 жылдың бірінші жартыжылдығының қорытындысы бойынша қатысушы мемлекеттердегі есірткі ахуалы, сондай-ақ қазіргі үрдістер мен жаңа есірткі қатерлері жөнінде пікір алмасты.
Осы тұрғыда синтетикалық есірткілер мен жаңа психобелсенді заттардың таралуы, прекурсорлардың заңсыз айналымы, есірткі қылмыстарында ақпараттық-коммуникациялық технологиялар мен цифрлық платформалардың қолданылуы кеңінен талқыланып, өңірлік ақпарат алмасу мен талдамалық өзара іс-қимылды жетілдіруге баса назар аударылды.
Сонымен бірге отырыста жасанды интеллект технологиялары мен киберкеңістік мониторингін пайдалану арқылы есірткі қатерлері туралы Бірыңғай мемлекетаралық ерте ескерту жүйесін құру тұжырымдамасының жобасы қаралды.
Бастама жаңа және қалыптасып келе жатқан есірткі қатерлерін ерте анықтау, талдау және болжау мүмкіндіктерін күшейтуге, есірткі нарығындағы өзгерістерге жедел ден қою тетіктерін жетілдіруге бағытталған.
Сондай-ақ күн тәртібінде ОАӨАҮО-ны одан әрі дамыту, оның нормативтік және қаржылық негіздерін жетілдіру, халықаралық ынтымақтастықты кеңейту және орталық жұмысына жаңа мемлекеттерді тарту мәселелері де қамтылды.
Отырыс қорытындысы бойынша Кеңес ОАӨАҮО қызметін одан әрі дамытуға қатысты бірқатар шешім қабылдады.
Кеңес отырысы ОАӨАҮО-ға қатысушы мемлекеттер арасындағы трансұлттық есірткі қылмысына қарсы өзара іс-қимылды нығайтуға, сондай-ақ ақпарат алмасу, есірткі қатерлерін ерте ескерту және болжау тетіктерін жетілдіруге арналған маңызды алаң болды.
Ішкі істер министрлігі "Заң мен тәртіп" қағидаты аясында жұмысын жалғастырып жатыр.
Жыл басынан бері ІІМ денсаулық сақтау органдарымен бірлесіп, азаматтардың денсаулығын қорғауға және құрамында психотроптық, күшті әсер ететін заттар бар дәрілік препараттардың заңсыз айналымына тосқауыл қоюға бағытталған "Дәрмек" жедел-профилактикалық іс-шарасын тоқсан сайын өткізіп келеді.
Жүргізіліп жатқан жұмыс барысында кейбір дәріхана қызметкерлері, сондай-ақ фармацевтикалық қызметке қатысы жоқ өзге де тұлғалар тарапынан мұндай препараттарды дәрігердің рецептісінсіз сату фактілері анықталуда.
Аталған препараттардың кәмелетке толмағандарға сатылуы ерекше алаңдаушылық туғызады.
Мұндай дәрілік заттар тек дәрігердің рецептісі бойынша берілуі тиіс. Өйткені оларды бақылаусыз қолдану ауыр зардаптарға әкелуі мүмкін.
Операцияның кезекті кезеңі 21-25 қыркүйек аралығында өткізілді.
Іс-шара барысында 1500-ден астам медициналық мекеме мен дәріхана, сондай-ақ 142 кәсіпорын тексерілді. 249 әкімшілік құқық бұзушылық анықталды.
Құрамында есірткі заттары бар 28 мың дәрілік препараттың айналымы шектелді. Сонымен қатар химиялық заттар мен прекурсорлардың заңды айналымнан заңсыз айналымға өтуіне жол бермеу шаралары қабылданып жатыр.
675 тонна түрлі прекурсордың айналымы шектеліп, 90 заңды тұлға әкімшілік жауапкершілікке тартылды.
Мысалы, Петропавлда жүзуден жаттықтырушы ұсталып, одан құрамында күшті әсер ететін заттар бар 56 таблетка тәркіленді.
Түркістандағы дәріханалардың бірінде күшті әсер ететін заттарды лицензиясыз сату фактісі анықталып, 5 мыңнан астам таблетка тәркіленді.
Оралда лицензиялау талаптарын бұзғаны үшін 500 тонна тұз қышқылының айналымы шектелді.
ІІМ денсаулық сақтау және басқа да мемлекеттік органдармен бірлесіп, дәрілік заттардың заңсыз айналымының алдын алуға және азаматтардың, әсіресе жастардың оларды медициналық емес мақсатта тұтынуына жол бермеуге бағытталған жұмысты жалғастырады.
Еске саламыз, биыл 1 қаңтардан бастап күшті әсер ететін заттарды заңсыз сатып алу, сақтау және тасымалдау үшін қылмыстық жауапкершілік енгізілді.
Аталған құқық бұзушылықтар үшін Қазақстан Республикасының заңнамасында 5 жылдан 15 жылға дейін бас бостандығынан айыру түріндегі қылмыстық жаза көзделген.
Абай облысында 200-ге жуық спортшының қатысуымен облыстық турнир өтті.
Абай облысында “Жастар есірткіге қарсы” тақырыбында киокушинкай каратэдан облыстық турнир өтті. Спорттық додаға өңірдің әр аймағынан 200-ге жуық жас спортшы қатысып, татамиде өздерінің шеберлігі мен жігерін көрсетті.
Тартысты өткен жарыста үздік өнер көрсеткен спортшылар жүлделі орындарға ие болды. Жас каратэшілер жеңіске деген ұмтылысымен, тәртібімен және төзімділігімен ерекшеленді.
Шараның басты мақсаты – жастар арасында салауатты өмір салтын насихаттап, спортқа қызығушылықты арттыру және есірткінің зияны туралы түсіндіру жұмыстарын күшейту.
Жарысты ұйымдастыруға Абай облысы полиция департаментінің есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасы қолдау көрсетті. Полиция қызметкерлері жарыс жеңімпаздарына бағалы сыйлықтар табыстап, жас спортшыларды жеңістерімен құттықтады.
Спорт – денсаулықтың ғана емес, есірткісіз болашақтың да берік негізі!
Қазақстан Республикасы ІІМ есірткіні насихаттау және заңсыз жарнамалау фактілерін анықтау және жолын кесу бойынша тұрақты негізде жұмыс жүргізіп жатыр.
Осы жылдың 8 айында ішкі істер органдары Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 299-1-бабы бойынша 74 қылмыстық іс қозғады.
Есірткі жарнамасының интернет кеңістігінде, әлеуметтік желілер мен мессенджерлерде, сондай-ақ граффити, хабарландырулар және QR-кодтар арқылы таралуына ерекше назар аударылады. Мұндай схемаларға көбіне жастарды “оңай табыс” табуға уәде беру арқылы тартуға тырысады. Оларға жазуларды салу және есірткі дүкендеріне сілтемелерді тарату үшін ақы төлеу ұсынылады.
ІІМ ескертеді: мұндай әрекеттер қылмыстық жауаптылыққа әкеп соғады. Есірткі құралдарын, психотроптық заттарды, олардың аналогтары мен прекурсорларын насихаттағаны немесе заңсыз жарнамалағаны үшін үш жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы көзделген, ал саралау белгілері болған жағдайда жаза үш жылдан алты жылға дейін бас бостандығынан айыруды құрайды.
Полиция әкімдіктермен, білім беру ұйымдарымен, қоғамдық бірлестіктермен және волонтерлермен бірлесіп, профилактикалық және рейдтік іс-шаралар жүргізуде. Анықталған есірткі граффитилері мен заңсыз жарнаманың өзге де түрлері жойылады. Сонымен қатар оларды орналастыруға қатысы бар адамдар анықталуда.
ІІМ азаматтарды есірткі жарнамасының анықталған фактілері туралы полицияға хабарлауға шақырады. Оның таралуының жолын кесу және жастардың есірткі қылмыстарына тартылуына жол бермеу бойынша жұмыс тұрақты негізде жалғасуда.
"Қарасора – 2026" жедел-профилактикалық іс-шарасы аясында Жетісу облысы Ақсу ауданының полиция қызметкерлері ҰҚК аудандық бөлімшесімен бірлесіп, жеке тұрғын үйде есірткі құрамды өсімдіктерді заңсыз өсіру және сақтау фактісінің жолын кесті.
Жедел-тергеу іс-шаралары барысында Жансүгіров ауылындағы үйлердің біріне тінту жүргізілді. Нәтижесінде есірткі құрамды өсімдіктерді өсіруге арнайы жабдықталған бірнеше бөлме анықталды. Бөлмелерде өсімдіктер отырғызылған құмыралар, сондай-ақ жасанды жарықтандыру жүйесі орнатылған шағын жылыжай анықталды.
Тінту барысында жалпы салмағы 5 келіден асатын 28 түп каннабис, 720 грамм жаңадан жиналған және 762 грамм кептірілген марихуана тәркіленді.
Тергеу барысында Ақсу ауданының 60 және 64 жастағы екі тұрғыны анықталды. Қазіргі уақытта екеуі де қамауда отыр.
Аталған дерек бойынша өсіруге тыйым салынған, құрамында есірткі заттары бар өсімдіктерді заңсыз өсіру фактісі бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізілуде. Оқиғаның барлық мән-жайы анықталуда.
Полиция есірткі заттарын заңсыз өсіру және сақтау қылмыстық жауапкершілікке әкеп соғатынын еске салады. Сондай-ақ азаматтарды есірткінің заңсыз айналымына қатысты белгілі болған фактілер туралы 102 нөміріне хабарлауға шақырады.
Қазақстан Республикасының Ішкі істер министрлігі барлық кәмелетке толмағандардың ата-аналары мен заңды өкілдеріне, сондай-ақ студенттер мен жеке кәсіппен айналысып жүрген жастарға үндеу жолдады.
Жаңа оқу жылының басталуымен полиция қызметкерлері еліміздің барлық мектептері мен оқу орындарын профилактикалық іс-шаралармен қамтыды. Жалпы 16 мыңнан астам профилактикалық іс-шара өткізілді, оның 5 мыңнан астамы тәжірибелі ұстаздар, психологтар және нарколог-дәрігерлердің қатысуымен ұйымдастырылды.
Бүгінгі таңда елімізде есірткі қылмыстары үшін 69 жасөспірім ұсталды. Оның ішінде 40-ы есірткі өткізгені, 27-сі аса ірі мөлшерде сақтағаны, екеуі есірткі жарнамалағаны және насихаттағаны үшін ұсталған. Атап өту керек, ұсталғандардың 52-і ұл, 17-сі қыз.
- Құрметті ата-аналар мен заңды өкілдер! Сіздерді мынадай белгілер ерекше алаңдатуы тиіс: баланың қолында ақшаның немесе қымбат заттардың кенеттен пайда болуы, телефон мен хат алмасуды жасыруы, әр түрлі күмәнді скриншоттар. Қосымша табыс белгілері - орама қалташалар, шағын пакеттер, оқшаулағыш таспа, электрондық таразылар және басқа да күмәнді заттар.
Жасөспірімнің араласатын ортасына, бос уақытын қалай өткізетініне, әлеуметтік желілерде кімдердің аккаунтарына тіркелгенін, мессенджерлерде кімдермен сенімді байланыс орнатқанына ерекше назар аудару қажет.
ІІМ есірткі қылмыстарын жасағаны үшін қылмыстық жауаптылық 16 жастан басталатынын еске салады. Балалардың құқықтық тәрбиесіне белсенді қатысуға шақырамыз, - деді ІІМ есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл комитетінің басқарма бастығы Бақытжан Әмірханов.