
Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар министрлігі Өнеркәсіптік қауіпсіздік комитетінің Қарағанды облысы бойынша департаментінің мемлекеттік инспекторлары 2023 жылдың екінші жартыжылдығына арналған профилактикалық бақылау тізіміне сәйкес «АрселорМиттал Теміртау» АҚ Көмір департаментінің Костенко атындағы шахтасындағы қауіпті өндірістік объектілерге профилактикалық бақылау жүргізді.
Кәсіпорынның негізгі қызметі жерасты тәсілімен көмір өндіру болып табылады.
Профилактикалық бақылау барысында 260 объекті (ғимараттар мен құрылыстар, өндіру лавасы және ұңғымаларды дайындау кенжарлары, жер үсті технологиялық кешені, жабдықтар, жүк көтергіш механизмдер, шахтаның техникалық құжаттамасы және басқалар) тексерілді. Қазақстан Республикасының өнеркәсіптік қауіпсіздік саласындағы заңнамасының талаптарын 134 бұзушылығы анықталды. Мемлекеттік инспекторлармен анықталған бұзушылықтарды жою туралы нұсқама берілді.
Өнеркәсіптік қауіпсіздік талаптарының негізгі бұзушылықтары:
- өндірістік ғимараттар мен технологиялық құрылыстарды уақтылы тексеру мен диагностикалауды жүзеге асырмау;
- тау-кен жұмыстарын жүргізу кезінде жобалық шешімдерді сақтамау;
- қауіпті өндірістік объектілерді және нормативтік қызмет мерзімін өтеген қауіпті техникалық құрылғыларды және басқаларды уақтылы жаңартуды жүзеге асырмау және басқалары болып табылады.
Адамдардың өмірі мен денсаулығына қауіп төнуіне байланысты 165 бірлік қауіпті өндірістік объектілер мен қауіпті техникалық құрылғыларды (тетіктер мен жабдықтар) тоқтата тұру актісі берілді.
Профилактикалық бақылау қорытындысы бойынша кәсіпорын өкілдерімен кеңес өткізілді, онда профилактикалық бақылау барысында анықталған бұзушылықтар қаралды, оларды жою мерзімдері талқыланды, сондай-ақ Қазақстан Республикасының өнеркәсіптік қауіпсіздік саласындағы заңнамасының талаптары түсіндірілді.
ҚР ТЖМ ӨҚК Қарағанды облысы бойынша департаменті