Құрметті кәсіпкерлер!

Құрметті кәсіпкерлер!

Өнеркәсіптік қауіпсіздік комитеті өнеркәсіптік қауіпсіздік саласындағы өзін-өзі реттеу институтын дамытуға ерекше назар аударады және келесілер туралы хабарлайды.

Бүгінгі таңда Қазақстан Республикасындағы кәсіпкерлік және кәсіптік қызмет субъектілерінің өзін-өзі реттеумен байланысты қоғамдық қатынастар «Өзін-өзі реттеу туралы» Қазақстан Республикасының Заңымен реттеледі.

Өзін-өзі реттеу – бұл «Өзін-өзі реттеу туралы» Қазақстан Республикасының Заңыңда көзделген, жеке және заңды тұлғалардың өздері жүзеге асыратын, өзін-өзі реттейтін ұйымның қағидалары мен стандарттарын бекітуге, олардың сақталуына бақылауды жүзеге асыруға, сондай-ақ өзін-өзі реттеу субъектілерінің мүліктік жауаптылығын қамтамасыз етуге негізделген кәсіпкерлік немесе кәсіптік қызметті өз бетінше реттеуге бағытталған шаралар кешені.

Өз кезегінде, өзін-өзі реттейтін ұйым қызметтің, саланың, экономикалық қызмет түрлерінің, өндірілген тауарлар (жұмыстар, көрсетілетін қызметтер) нарығының ортақтығы қағидаты бойынша жеке кәсіпкерлік субъектілерінің немесе кәсіптік қызмет субъектілерінің ерікті не міндетті мүшелігіне (қатысуына) негізделген, қауымдастық (одақ), қоғамдық бірлестік нысанындағы немесе Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген өзге де ұйымдық-құқықтық нысандағы коммерциялық емес ұйым болып табылады.

Өзін-өзі реттеудің негізгі мақсаттары:

- отандық тауарлардың (жұмыстардың, көрсетілетін қызметтердің) сапасы мен бәсекеге қабілеттілігін арттыру;

- отандық экономика салаларының бәсекеге қабілеттілігін арттыру;

- нарыққа қатысушылардың тұтынушылар алдындағы жауаптылығын күшейту;

- өзін-өзі реттеу субъектілерінің реттеуші мемлекеттік органдармен тиімді өзара іс-қимылын ұйымдастыру болып табылады.

Өзін-өзі реттейтін ұйым кәсіпкерлік немесе кәсіптік қызметті жүзеге асыратын жеке немесе заңды тұлғалардың бастамасымен не Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес құрылады және қызметін тоқтатады.

Өзін-өзі реттейтін ұйымның қызметін бастау, сол сияқты тоқтату үшін негіз бұл туралы реттеуші мемлекеттік органға жіберілген хабарлама болып табылады.

Хабарламаны жіберу «Рұқсаттар және хабарламалар туралы» Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес жүзеге асырылады.

Хабарлама жіберілгеннен кейін екі ай ішінде өзін-өзі реттейтін ұйым реттеуші мемлекеттік органға мынадай құжаттарды ұсынады:

- өзін-өзі реттейтін ұйымның осы Заңда көзделген мәліметтерді қамтитын жарғысы;

- өзін-өзі реттейтін ұйымның қағидалары мен стандарттары;

- өзін-өзі реттейтін ұйымда өз мүшелері (қатысушылары) өндірген тауарларды (жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді) тұтынушылар мен өзге де тұлғалар алдындағы мүліктік жауаптылықты қамтамасыз етудің бір немесе бірнеше тәсілдері бар екенін растайтын құжаттар.

Реттеуші мемлекеттік органдар тиісті аядағы (саладағы) өзін-өзі реттейтін ұйымдардың тізілімін жүргізетінін айта кету керек.

Өзін-өзі реттейтін ұйымдардың тізілімі – өзін-өзі реттейтін ұйымдардың деректемелері, олар жүзеге асыратын қызмет түрлері, олардың филиалдары туралы мәліметтерді қамтитын, «Рұқсаттар және хабарламалар туралы» Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес берілген хабарламалардың негізінде қалыптастырылатын өзін-өзі реттейтін ұйымдардың тізбесі.

Реттеуші мемлекеттік органдардың өзін-өзі реттейтін ұйымдардың тізілімін жүргізу тәртібі Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрінің 2016 жылғы 27 қаңтардағы № 32 бұйрығымен бекітілген Өзін-өзі реттейтін ұйымдардың тізілімін жүргізу қағидаларымен белгіленген.

Өзін-өзі реттейтін ұйымдардың тізілімінен алып тастау:

- өзін-өзі реттейтін ұйым мүшелерінің (қатысушыларының) жалпы жиналысының өзін-өзі реттейтін ұйымдар тізілімінен ерікті түрде алып тастау, өзін-өзі реттейтін ұйымды тарату немесе өзін-өзі реттейтін ұйымды бірігу, қосу, бөлу немесе бөліп шығару нысанында жүргізілген қайта ұйымдастыру туралы шешімдері;

- міндетті мүшелікке (қатысуға) негізделген, бір өзін-өзі реттейтін ұйым әрекет ететін саладағы өзін-өзі реттеуді қайта қарайтын не оның күшін жоятын Қазақстан Республикасының заңын қабылдау;

- осы баптың 4-тармағының үшінші бөлігінде көзделген құжаттардың екі ай мерзімде ұсынылмауы;

- өзін-өзі реттейтін ұйымның қызметін тоқтату және оны өзін-өзі реттейтін ұйымдар тізілімінен шығару туралы заңды күшіне енген сот шешімінің негізінде жүзеге асырылады.

Егер Қазақстан Республикасының заңдарында өзгеше белгіленбесе, өзiн-өзi реттейтiн ұйымды өзге негiздер бойынша өзін-өзі реттейтін ұйымдардың тізілімінен алып тастауға жол берiлмейдi..

 

ҚР ТЖМ Өнеркәсіптік қауіпсіздік комитеті