
Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар министрлігі Өнеркәсіптік қауіпсіздік комитетінің Батыс Қазақстан облысы бойынша департаментінің мемлекеттік инспекторларымен 2023 жылғы бірінші жартыжылдығына өнеркәсіптік қауіпсіздік саласындағы бақылау және қадағалау субъектісіне (объектісіне) бару арқылы профилактикалық бақылау жүргізу тізіміне сәйкес, «Aksai Operating (Аксай Оперейтинг)» ЖШС қауіпті өндірістік объектілеріне профилактикалық бақылау жүргізілді.
Кәсіпорынның негізгі қызметі мұнай мен табиғи газ өндіруге ықпал ететін қызметтер көрсету болып табылады.
Профилактикалық бақылау барысында 15 объекті (мұнай-газ жабдықтары, химиялық заттарды сақтау қоймасы, қысыммен жұмыс істейтін жабдықтар) тексеріліп, бұл ретте Қазақстан Республикасының өнеркәсіптік қауіпсіздік саласындағы заңнамасы талаптарының 3 бұзылуы анықталды. Мемлекеттік инспекторлармен профилактикалық бақылау нәтижелері туралы акті және анықталған бұзушылықтарды жою туралы нұсқама берілді.
Профилактикалық бақылау қорытындылары бойынша кәсіпорын өкілдерімен кеңес өткізілді, онда профилактикалық бақылау барысында анықталған бұзушылықтар қаралды, оларды жою мерзімдері талқыланды, сондай-ақ Қазақстан Республикасының өнеркәсіптік қауіпсіздік саласындағы заңнамасының, оның ішінде «Мұнай және газ өнеркәсібі салаларындағы қауіпті өндірістік объектілер үшін өнеркәсіптік қауіпсіздікті қамтамасыз ету қағидаларының» талаптары түсіндірілді.
ҚР ТЖМ ӨҚК Батыс Қазақстан облысы бойынша департаменті