Батыс Қазақстан облысында лифт шаруашылығының қауіпсіздігі талқыланды

Батыс Қазақстан облысында лифт шаруашылығының қауіпсіздігі талқыланды

Батыс Қазақстан облысында Орал қаласы әкімдігінің алаңында Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар министрлігі Өнеркәсіптік қауіпсіздік комитетінің Батыс Қазақстан облысы бойынша департаментінің, Батыс Қазақстан облысы Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының қызметкерлерімен, құрылыс компанияларының басшыларымен, сондай-ақ лифт шаруашылығына сервистік қызмет көрсетуші компаниялардың өкілдерімен лифт жабдығын қауіпсіз пайдалану мәселелері бойынша жиналыс өткізілді. Жиналысқа Қазақстанның лифт жұмысшыларының ұлттық ассоциациясының президенті – Ержан Минимханович Игибаев қатысты.

Жиналыс барысында Е.М. Игибаев ҚР СТ «Жеделсатылар, эскалаторлар, траволаторлар және мүгедектерге арналған көтергіштер» Қазақстан Республикасының Ұлттық стандартымен таныстырды. Сондай-ақ, «Азаматтық қорғау туралы» және «Тұрғын-үй қатынастары туралы» Қазақстан Республикасының Заңдарының талаптары талқыланды.

Әсіресе, өнеркәсіптік қауіпсіздік саласындағы уәкілетті органымен (Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар министрлігі Өнеркәсіптік қауіпсіздік комитеті) берілген аттестатсыз лифтілерге техникалық қызмет көрсетуді болдырмауға ерекше назар аударылды.

Кездесу барысында қатысушылар лифтілерді, эскалаторларды, траволаторларды, сондай-ақ мүмкіндігі шектеулі адамдарға арналған көтергіштерді монтаждауды, техникалық қызмет көрсетуді, техникалық диагностикалауды, техникалық куәландыруды және жөндеу кезіндегі өзекті мәселелерді талқылады.

 

ҚР ТЖМ ӨҚК Батыс Қазақстан облысы бойынша департаменті