«Құрылысмет» ЖШС тексеру нәтижелері

«Құрылысмет» ЖШС тексеру нәтижелері

Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар министрлігі өнеркәсіптік қауіпсіздік комитетінің Қарағанды облысы бойынша департаментінің мемлекеттік инспекторлары, 2022 жылдың екінші жартыжылдығына өнеркәсіптік қауіпсіздік саласындағы ерекше тәртіп бойынша тексеру жүргізу кестесіне сәйкес «Құрылысмет» ЖШС қауіпті өндірістік объектілері мен қауіпті техникалық құрылғыларына тексеру жүргізді.

Кәсіпорынның негізгі қызметі қосалқы бөлшектер мен жабдықтарды өндіру және жөндеу болып табылады.

Тексеру барысында 63 объекті (көпірлі, тіреуіш және консольді крандар, газ құбырлары, металлургиялық жабдықтар) тексеріліп, бұл ретте өнеркәсіптік қауіпсіздік саласындағы заңнама талаптарының 53 бұзушылығы анықталды. Мемлекеттік инспекторлармен анықталған бұзушылықтарды жою туралы нұсқама берілді және «Әкімшілік құқық бұзушылық туралы» ҚР Кодексінің 298-бабы 1-бөлігі бойынша айыппұл түрінде әкімшілік жаза қолданылды.

Өнеркәсіптік қауіпсіздік талаптарының негізгі бұзушылықтары:

- Қауіпті өндірістік объектілердегі өндірістік бақылау туралы ереже «Қауіпті өндірістік объектіде өндірістік бақылауды ұйымдастыру және жүзеге асыру жөніндегі нұсқаулықтың» қолданыстағы талаптарына сәйкес келмейтіндігі, бұл ретте тексеру барысында өндірістік бақылауды жүзеге асыратын кәсіпорын тұлғаларының актілерінде, нұсқамаларында анықталмаған және көрсетілмеген бұзушылықтар анықталды;

- газбен жұмыс істейтін кептіру құрылғыларын пайдалануға арналған технологиялық регламент әзірленбегендігі, газ тұтынатын жабдыққа (күйдіру пеші, кептіргіш) агрегаттық журналдар мен паспорттардың болмауы;

- қызметтің нормативтік мерзімін өтеген қауіпті техникалық құрылғылардың өнеркәсіптік қауіпсіздігіне сараптама жүргізілмегендігі;

- өнеркәсіптік қауіпсіздік сараптамасының ұсынымдары және тексеру мен диагностикалаудың техникалық қорытындысының, өндірістік ғимараттар мен технологиялық құрылыстардың, қауіпті техникалық құрылғылардың ұсынымдары орындалмауы болып табылады.

Тексеру қорытындысы бойынша кәсіпорын өкілдерімен кеңес өткізілді, онда тексеру барысында анықталған бұзушылықтар қаралды, оларды жою мерзімдері талқыланды, сондай-ақ Қазақстан Республикасының өнеркәсіптік қауіпсіздік саласындағы заңнамасының, оның ішінде: «Қара, түсті, бағалы металдардың балқымаларын және осы металдардың негізінде алынатын қорытпаларды өндіру бойынша қауіпті өндірістік объектілер үшін өнеркәсіптік қауіпсіздікті қамтамасыз ету қағидаларының», «Газбен жабдықтау жүйелері объектілерінің қауіпсіздігі жөніндегі талаптардың» және «Жүк көтергіш механизмдерді пайдалану кезінде өнеркәсіптік қауіпсіздікті қамтамасыз ету қағидаларының» талаптары түсіндірілді.

 

ҚР ТЖМ Өнеркәсіптік қауіпсіздік комитеті