
Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар министрлігі Өнеркәсіптік қауіпсіздік комитетінің Батыс Қазақстан облысы бойынша департаментінің мемлекеттік инспекторлары, 2022 жылдың екінші жартыжылдығына өнеркәсіптік қауіпсіздік саласындағы ерекше тәртіп бойынша тексерулер жүргізу кестесіне сәйкес «Гидромаш-Орион-МЖБК» ЖШС-нің қауіпті өндірістік объектілері мен қауіпті техникалық құрылғыларына тексеру жүргізді.
Кәсіпорын қызметінің негізгі түрі құрама темірбетон және бетон конструкциялары мен бұйымдарын өндіру болып табылады.
Тексеру барысында 21 объекті (жүк көтергіш механизмдер және қысыммен жұмыс істейтін жабдықтар) тексеріліп, бұл ретте өнеркәсіптік қауіпсіздік саласындағы заңнама талаптарының 6 бұзушылығы анықталды. Мемлекеттік инспекторлармен анықталған бұзушылықтарды жою туралы нұсқама берілді және «Әкімшілік құқық бұзушылық туралы» Қазақстан Республикасы Кодексінің 298-бабы 1-бөлігі бойынша айыппұл түрінде әкімшілік жаза салынды.
Өнеркәсіптік қауіпсіздік талаптарының негізгі бұзушылықтары:
- №1 қазандықта авариялық электр жарығы қарастырылмағандығы;
- құбырларды жарамды жағдайда қауіпсіз пайдалануды қамтамасыз ету үшін өндірістік бақылау және қадағалау жүйесін құру жөніндегі іс-шаралар орындалмауы (бу құбырының технологиялық регламенті ұсынылмағандығы және жауапты тұлғалар тағайындалмағандығы);
- бу құбырларының техникалық куәландырудан өткізілгендігі туралы ақпараттың болмауы болып табылады.
Тексеру қорытындысы бойынша кәсіпорын өкілдерімен кеңес өткізілді, онда тексеру барысында анықталған бұзушылықтар қаралды, оларды жою мерзімдері талқыланды, сондай-ақ Қазақстан Республикасының өнеркәсіптік қауіпсіздік саласындағы заңнамасының, оның ішінде: «Жүк көтергіш механизмдерді пайдалану кезінде өнеркәсіптік қауіпсіздікті қамтамасыз ету қағидаларының» және «Қысыммен жұмыс істейтін жабдықтарды пайдалану кезінде өнеркәсіптік қауіпсіздікті қамтамасыз ету қағидаларының» талаптары түсіндірілді.
ҚР ТЖМ Өнеркәсіптік қауіпсіздік комитеті