«Қазақмыс корпорациясы» ЖШС – «Жомарт» кенішін тексеру нәтижелері

«Қазақмыс корпорациясы» ЖШС – «Жомарт» кенішін тексеру нәтижелері

Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар министрлігі Өнеркәсіптік қауіпсіздік комитетінің Ұлытау облысы бойынша департаментінің мемлекеттік инспекторлары, 2022 жылдың екінші жартыжылдығына өнеркәсіптік қауіпсіздік саласындағы ерекше тәртіп бойынша тексерулер жүргізу кестесіне сәйкес «Қазақмыс корпорациясы» ЖШС – «Жомарт» кенішінің қауіпті өндірістік объектілері мен қауіпті техникалық құрылғыларына тексеру жүргізілді.

Кәсіпорын қызметінің негізгі түрі мыс кенін өндіру және өңдеу болып табылады, бұл ретте кәсіпорын қауіпті техникалық құрылғыларды пайдаланады.

Тексеру барысында 35 объекті (өздігінен жүретін көлік құралдары, қысыммен жұмыс істейтін жабдықтар, тау-кен, жарылыс жұмыстары және т.б.) тексерілді. Өнеркәсіптік қауіпсіздік саласындағы заңнама талаптарының 300 бұзушылығы анықталды. Мемлекеттік инспекторлармен анықталған бұзушылықтарды жою туралы нұсқама берілді және «Әкімшілік құқық бұзушылық туралы» Қазақстан Республикасы Кодексінің 297 бабы 1-бөлігі және 298 бабы 1-бөлігі бойынша айыппұл түрінде әкімшілік жазалар қолданылды.

Өнеркәсіптік қауіпсіздік талаптарының негізгі бұзушылықтары:

- қызметтің нормативтік мерзімін өтеген қауіпті өндірістік объектілер мен қауіпті техникалық құрылғыларды уақтылы жаңартуды жүзеге асырмау;

- қауіпті өндірістік объекті қызметкерлерінің штат құрамының болмауы;

- технологиялық регламентке сәйкес жобаларсыз және дәнекерленген қосылыстардың сапасын бағалаусыз жүк көтергіш крандардың тірек металл конструкцияларының элементтерін жөндеу жұмыстарын жүзеге асыру;

- ақаулы аспаптар мен қауіпсіздік құрылғылары бар, сондай-ақ кезекті техникалық куәландыруды жүргізбестен жүк көтергіш крандарды пайдалануға жол беру және басқалар болып табылады.

Тексеру қорытындысы бойынша кәсіпорын өкілдерімен кеңес өткізілді, онда тексеру барысында анықталған бұзушылықтар қаралды, оларды жою мерзімдері талқыланды, сондай-ақ Қазақстан Республикасының өнеркәсіптік қауіпсіздік саласындағы заңнамасының, оның ішінде: «Тау-кен және геологиялық барлау жұмыстарын жүргізетін қауіпті өндірістік объектілер үшін өнеркәсіптік қауіпсіздікті қамтамасыз ету қағидаларының», «Қауіпті өндірістік объектілер үшін өнеркәсіптік қауіпсіздікті қамтамасыз ету қағидаларының», «Жүк көтергіш механизмдерді пайдалану кезінде өнеркәсіптік қауіпсіздікті қамтамасыз ету қағидаларының» және «Қысыммен жұмыс істейтін жабдықтарды пайдалану кезінде өнеркәсіптік қауіпсіздікті қамтамасыз ету қағидаларының» талаптары түсіндірілді.

 

ҚР ТЖМ Өнеркәсіптік қауіпсіздік комитеті