
Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар министрлігі Өнеркәсіптік қауіпсіздік комитетінің Астана қаласы бойынша департаментінің мемлекеттік инспекторлары, 2022 жылдың екінші жартыжылдығына өнеркәсіптік қауіпсіздік саласындағы ерекше тәртіп бойынша тексеру жүргізу кестесіне сәйкес «Құрылысшы LTD» ЖШС қауіпті техникалық құрылғыларына тексеру жүргізді.
Кәсіпорынның негізгі қызметі ғимараттар мен құрылыстардың құрылысы болып табылады.
Тексеру барысында жүк көтергіш механизмдер мен қысыммен жұмыс істейтін жабдықтар тексеріліп, бұл ретте өнеркәсіптік қауіпсіздік саласындағы заңнама талаптарының 7 бұзушылығы анықталды. Мемлекеттік инспекторлармен анықталған бұзушылықтарды жою туралы нұсқама берілді және «Әкімшілік құқық бұзушылық туралы» Қазақстан Республикасы Кодексінің 298-бабының 1-бөлігі бойынша айыппұл түрінде әкімшілік жаза қолданылды.
Өнеркәсіптік қауіпсіздік талаптарының негізгі бұзушылықтары:
- ұйым басшысының бұйрығымен бекітілген өнеркәсіптік қауіпсіздік саласындағы өндірістік бақылау туралы нормативтік актінің және оны орындау шарттарының болмауы;
- авариялар мен инциденттерді есепке алу журналының болмауы;
- техникалық куәландыру, алмалы-салмалы жүк қармайтын айлабұйымдар мен жабдықтарды қарау мерзімдерін сақтамау;
- ЖКМ пайдалануға беруге рұқсат беретін паспортта жазбалардың болмауы, жүргізілген кезекті және кезектен тыс техникалық куәландырулар туралы ЖКМ паспортында жазбалардың болмауы, нормативтік қызмет мерзімін өтеген ЖКМ арнайы тексеру актілерінің болмауы;
- жүктерді жылжыту және қоймалау жөніндегі жұмыстардың қауіпсіз жүргізілуін қамтамасыз етпеу (жүктерді жылжымалы құрамды, көлік құралдарын тиеу және түсіру, жүктерді жылжыту және қоймалау жөніндегі жұмыстарды жүргізу үшін әзірленген технологиялық регламенттердің болуы; крандармен жұмыстарды қауіпсіз жүргізуге жауапты адамдардың, кран машинистерінің (операторларының) технологиялық регламенттерімен танысу (қол қойғызып) туралы талаптарды сақтамау).
Тексеру қорытындысы бойынша кәсіпорын өкілдерімен кеңес өткізілді, онда тексеру барысында анықталған бұзушылықтар қаралды, оларды жою мерзімдері талқыланды, сондай-ақ Қазақстан Республикасының өнеркәсіптік қауіпсіздік саласындағы заңнамасының, оның ішінде «Жүк көтергіш механизмдерді пайдалану кезінде өнеркәсіптік қауіпсіздікті қамтамасыз ету қағидаларының» талаптары түсіндірілді.
ҚР ТЖМ Өнеркәсіптік қауіпсіздік комитеті