Қызылорда облысында «Ақшабұлақ» кен орнындағы аварияны тергеу қорытындысы шығарылды

Қызылорда облысында «Ақшабұлақ» кен орнындағы аварияны тергеу қорытындысы шығарылды

2022 жылғы 13 қыркүйекте сағат 17:00 шамасында «Қазгермұнай» БК ЖШС «Ақшабұлақ» кен орнының №67 ұңғымасында газ-су шығуы орын алды. Ағымдағы жылдың 15 қыркүйегінде Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар министрлігі Өнеркәсіптік қауіпсіздік комитетінің Қызылорда облысы бойынша департаментімен аварияның мән-жайлары мен себептерін тергеп тексеру үшін комиссия құрылды.

Тергеп тексеу барысында келесі бұзушылықтар анықталды:

- «БатысГеофизСервис» ЖШС перфорациялық жұмыстары кезінде №67 ұңғымада ұзындығы 2,89 м лубрикатор, ал перфоратордың ұзындығы 3,24 м қолданылған, соның салдарынан превентордың саңырау плашкасы жабылмай қалған («Азаматтық қорғау туралы» ҚР Заңының 69-бабының талабы, Қауіпті өндірістік объектілер үшін өнеркәсіптік қауіпсіздікті қамтамасыз ету қағидаларының 494-тармағының талабы);

- бригада персоналының, сондай-ақ мамандардың «БатысГеофизСервис» ЖШС Бас директорымен бекітілген «Ату-жару жұмыстарын жүргізудің технологиялық регламентіне» сәйкес, кабельді кесу командасын орындауға уақытылы ден қоймауы (ҚР Заңының 69-бабының және регламенттің 9.2-тармағының талаптары);

- жұмыстарды ұйымдастыру жоспарына сәйкес жұмыстардың қауіпсіз жүргізілуіне тапсырыс беруші тарапынан өндірістік бақылау тиісті деңгейде жүргізілмеген (Заңның 69-бабының талаптары).

Авария болған жерді тексеріп, куәгерлерден және авария болған жердегі лауазымды тұлғаларды сұрастырып, техникалық құжаттаманы зерделеп, комиссия:

- ұңғымаларды геофизикалық зерттеу үшін өлшемдері сәйкес келмейтін лубрикатора мен перфораторды қолдануға рұқсат етілген;

- «Қазгермұнай» БК ЖШС тарапынан қауіпті өндірістік объектілерде өнеркәсіптік қауіпсіздік талаптарының сақталуына өндірістік бақылау тиісті деңгейде жүргізілмеген;

- «БатысГеофизСервис» ЖШС басшылары тарапынан қауіпті өндірістік объектілерде өнеркәсіптік қауіпсіздік талаптарының сақталуына өндірістік бақылауды жүзеге асырмау және геофизикалық зерттеулер бойынша жұмыстарды төмен ұйымдастырған деген қорытындыға келді.

Тергеу қорытындысы бойынша комиссия «БатысГеофизСервис» ЖШС және «Қазгермұнай» БК ЖШС басшылығына жауапты лауазымды тұлғаларға қатысты тиісті шара қолдануды, сондай-ақ қауіпті техникалық құрылғылармен жұмыс істеу кезінде авариялар мен оқыс оқиғалардың алдын алу мақсатында қолданыстағы заңнамалық актілерді басшылыққа алуды ұсынды.

Авария кезінде зардап шеккендер болған жоқ.

 

ҚР ТЖМ Өнеркәсіптік қауіпсіздік комитеті