«Kazakhmys Distribution» ЖШС Жылу энергетикасы кәсіпорнын тексеру нәтижелері

«Kazakhmys Distribution» ЖШС Жылу энергетикасы кәсіпорнын тексеру нәтижелері

Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар министрлігі Өнеркәсіптік қауіпсіздік комитетінің Ұлытау облысы бойынша департаментінің мемлекеттік инспекторлары, 2022 жылдың екінші жартыжылдығына өнеркәсіптік қауіпсіздік саласындағы ерекше тәртіп бойынша тексерулер жүргізу кестесіне сәйкес «Kazakhmys Distribution» (Қазақмыс Дистрибьюшн) ЖШС Жылу энергетикасы кәсіпорнының қауіпті өндірістік объектілеріне тексеру жүргізді.

Кәсіпорын қызметінің негізгі түрі жылу энергиясын өндіру, беру, тарату және жеткізу, сумен жабдықтау және су бұру болып табылады.

Тексеру барысында 21 объекті (ғимараттар мен құрылыстар, прекурсорларды сақтау орындары, жұмыс орындары мен оларға жақындау жолдары, адамдар мен жүктерді жылжыту жолдары, стационарлық сорғы станциясы, сұйық хлоры бар баллондарды сақтау қоймалары және басқалар) тексерілді. Өнеркәсіптік қауіпсіздік саласындағы заңнама талаптарының 9 бұзушылығы анықталды. Мемлекеттік инспекторлармен анықталған бұзушылықтарды жою туралы нұсқама берілді және «Әкімшілік құқық бұзушылық туралы» ҚР Кодексінің 298-бабы 1-бөлігі бойынша айыппұл түрінде әкімшілік жаза қолданылды.

Тексеру қорытындысы бойынша кәсіпорын өкілдерімен кеңес өткізілді, онда тексеру барысында анықталған бұзушылықтар қаралды, оларды жою мерзімдері талқыланды, сондай-ақ Қазақстан Республикасының өнеркәсіптік қауіпсіздік саласындағы заңнамасының талаптары, оның ішінде: «Тау-кен және геологиялық барлау жұмыстарын жүргізетін қауіпті өндірістік объектілер үшін өнеркәсіптік қауіпсіздікті қамтамасыз ету қағидаларының», «Қатты пайдалы қазбаларды қайта өңдеу бойынша жұмыстарды жүргізетін қауіпті өндірістік объектілер үшін өнеркәсіптік қауіпсіздікті қамтамасыз ету қағидаларының» және «Жүк көтергіш механизмдерді пайдалану кезінде өнеркәсіптік қауіпсіздікті қамтамасыз ету қағидаларының» талаптары түсіндірілді.

 

ҚР ТЖМ Өнеркәсіптік қауіпсіздік комитеті