
2022 жылғы 21 қазанда бейнеконференция режимінде Өнеркәсіптік қауіпсіздік мәселелері жөніндегі Мемлекетаралық кеңестің XX отырысы өтті.
Отырысқа Әзербайжан, Армения, Беларусь, Қырғызстан, Ресей, Тәжікстан, Өзбекстан республикалары делегацияларының өкілдері, сондай-ақ Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығының Атқарушы комитетінің өкілі және Біріккен Ұлттар Ұйымының Еуропалық экономикалық комиссиясының өкілі қатысты.
Өнеркәсіптік қауіпсіздік мәселелері жөніндегі мемлекетаралық кеңес халықты және аумақтарды өнеркәсіптік авариялардан қорғау саласындағы саясатты айқындауда жетекші рөл атқарады және Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығы елдерімен қауіпті өндірістік объектілерде өнеркәсіптік қауіпсіздікті қамтамасыз ету саласындағы ынтымақтастық туралы келісімді іске асыру үшін құрылған.
Ағымдағы жылы Қазақстан Республикасы Өнеркәсіптік қауіпсіздік мәселелері жөніндегі Мемлекетаралық кеңестің қабылдаушы тарабы болып табылады, осыған байланысты Мемлекетаралық кеңес төрағалығының өкілеттіктері, сондай-ақ Ауыспалы естелік белгі Өнеркәсіптік қауіпсіздік комитетінің төрағасы Нығмеджан Қойшыбайұлы Мақажановқа берілді.
Мемлекетаралық кеңес отырысы шеңберінде өнеркәсіптік қауіпсіздік жүйесін дамытудың өзекті тенденциялары, атап айтқанда заңнамалық өзгерістер, өнеркәсіптік қауіпсіздіктің жай-күйін мемлекеттік қадағалауды ұйымдастыру әдістемесі, персоналды оқыту, даярлау, қайта даярлау және аттестаттау әдістері, көмір өнеркәсібінің, құбыр көлігінің қауіпті өндірістік объектілерін және мұнай-газ кешені объектілерін реттеу, сонымен қатар Біріккен Ұлттар Ұйымының Еуропалық экономикалық комиссиясының өнеркәсіптік авариялардың трансшекаралық әсері туралы Конвенциясы шеңберінде жүргізіліп жатқан жұмыстар талқыланды.
Бұдан басқа, Мемлекетаралық кеңестің 2022-2023 жылдарға арналған Жұмыс жоспары бекітілді, оның ішінде келесі жылы Өзбекстан Республикасында кезекті отырысты өткізу туралы шешім қабылданды.
Жалпы, жүргізілген жұмыс одан әрі халықаралық ынтымақтастықты дамытуға, Мемлекетаралық кеңестің алдына қойылған мақсаттар мен міндеттерді іске асыруға, авариялардың туындау қаупін дәйекті төмендету және осы салада мемлекеттік реттеу әдістерін жетілдіру мақсатында өнеркәсіптік қауіпсіздік инфрақұрылымын дамыту үшін құқықтық және ұйымдастырушылық жағдайлар жасауға мүмкіндік береді.
ҚР ТЖМ Өнеркәсіптік қауіпсіздік комитеті