
Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар министрлігі Өнеркәсіптік қауіпсіздік комитетінің Маңғыстау облысы бойынша департаментінің мемлекеттік инспекторлары, 2022 жылдың екінші жартыжылдығына өнеркәсіптік қауіпсіздік саласындағы ерекше тәртіп бойынша тексерулер жүргізу кестесіне сәйкес «КазАзот» АҚ-ның қауіпті өндірістік объектілері мен қауіпті техникалық құрылғыларына тексеру жүргізді.
Кәсіпорынның негізгі қызметі сұйық аммиак және селитра өндірісі болып табылады.
Тексеру барысында 9 нысан (қысыммен жұмыс істейтін жабдықтар, жүк көтергіш механизмдер, сұйық аммиак сақтау қоймалары, әлсіз азот қышқылы цехы, күрделі минералды тыңайтқыштар өндірістері) тексеріліп, бұл ретте өнеркәсіптік қауіпсіздік саласындағы заңнама талаптарының 10 бұзушылығы анықталды. Мемлекеттік инспекторлармен анықталған бұзушылықтарды жою туралы нұсқама берілді және «Әкімшілік құқық бұзушылық туралы» Қазақстан Республикасы Кодексінің 298-бабы 1-бөлігі бойынша айыппұл түрінде әкімшілік жаза салынды.
Тексеру қорытындысы бойынша кәсіпорын өкілдерімен кеңес өткізілді, онда тексеру барысында анықталған бұзушылықтар қаралды, оларды жою мерзімдері талқыланды, сондай-ақ Қазақстан Республикасының өнеркәсіптік қауіпсіздік саласындағы заңнамасының, оның ішінде: «Өнеркәсіптің химия саласындағы қауіпті өндірістік объектілер үшін өнеркәсіптік қауіпсіздікті қамтамасыз ету қағидаларының», «Жүк көтергіш механизмдерді пайдалану кезінде өнеркәсіптік қауіпсіздікті қамтамасыз ету қағидаларының» және «Қысыммен жұмыс істейтін жабдықтарды пайдалану кезінде өнеркәсіптік қауіпсіздікті қамтамасыз ету қағидаларының» талаптары түсіндірілді.
ҚР ТЖМ Өнеркәсіптік қауіпсіздік комитеті