
Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар министрлігі Өнеркәсіптік қауіпсіздік комитетінің Қостанай облысы бойынша департаментінің мемлекеттік инспекторлары, 2022 жылдың екінші жартыжылдығына өнеркәсіптік қауіпсіздік саласындағы ерекше тәртіп бойынша тексерулер жүргізу кестесіне сәйкес «Қашары руда» АҚ қауіпті өндірістік объектілері мен қауіпті техникалық құрылғыларына тексеру жүргізді.
Кәсіпорынның негізгі қызметі темір рудасын ашық түрде өндіру болып табылады.
Тексеру барысында 15 объекті (ғимараттар мен құрылыстар, тау-кен өндіру цехы, автокөлік цехы, жол шаруашылығы цехы, темір жол цехы, Қашар жылу орталығы, қойма шаруашылығы учаскесі, жылжымалы құрамды жөндеу цехы, тау-кен және автокөлік жабдықтарын жөндеу цехы, компрессорлық құрылғылар, мұнай базасы, жанармай құю станциясы және басқалар) тексерілді. Өнеркәсіптік қауіпсіздік саласындағы заңнама талаптарының 77 бұзушылығы анықталды. Мемлекеттік инспекторлармен анықталған бұзушылықтарды жою туралы нұсқама берілді және «Әкімшілік құқық бұзушылық туралы» ҚР Кодексінің 298-бабы 1-бөлігі бойынша айыппұл түрінде әкімшілік жаза салынды.
Адамның өмірі мен денсаулығына, қоршаған ортаға қауіп төндіретін бұзушылықтар бойынша Қостанай облысы бойынша мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотқа 21 бірлік қауіпті өндірістік объектілер мен қауіпті техникалық құрылғыларды тоқтата тұру туралы талап арыз жолдау түрінде жедел ден қою шаралары қабылданды.
Тексеру қорытындысы бойынша кәсіпорын өкілдерімен кеңес өткізілді, онда тексеру барысында анықталған бұзушылықтар қаралды, оларды жою мерзімдері талқыланды, сондай-ақ Қазақстан Республикасының өнеркәсіптік қауіпсіздік саласындағы заңнамасының, оның ішінде: «Тау-кен және геологиялық барлау жұмыстарын жүргізетін қауіпті өндірістік объектілер үшін өнеркәсіптік қауіпсіздікті қамтамасыз ету қағидаларының», «Мұнай-химия, мұнай өңдеу салаларындағы қауіпті өндірістік объектілер, мұнай базалары және автожанармай құю станциялары үшін өнеркәсіптік қауіпсіздікті қамтамасыз ету қағидаларының», «Жүк көтергіш механизмдерді пайдалану кезінде өнеркәсіптік қауіпсіздікті қамтамасыз ету қағидаларының» және «Компрессорлық станциялардың пайдалану кезінде өнеркәсіптік қауіпсіздікті қамтамасыз ету қағидаларының» талаптары түсіндірілді.
ҚР ТЖМ Өнеркәсіптік қауіпсіздік комитеті