«Алтыналмас АК» АҚ тексеру нәтижелері

«Алтыналмас АК» АҚ тексеру нәтижелері

Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар министрлігі Өнеркәсіптік қауіпсіздік комитетінің Ақмола облысы бойынша департаментінің мемлекеттік инспекторлары, 2022 жылдың екінші жартыжылдығына өнеркәсіптік қауіпсіздік саласындағы ерекше тәртіп бойынша тексерулер жүргізу кестесіне сәйкес «Алтыналмас АК» АҚ қауіпті өндірістік объектілеріне тексеру жүргізді.

Кәсіпорын қызметінің негізгі түрі – құрамында алтыны бар кендерді өндіру және қайта өңдеу болып табылады.

Тексеру барысында «Ақсу кварцитті төбешіктер» және «Жолымбет» жобалары бойынша 92 объект тексерілді (карьерлер, фабрикалар, шахталар, қоймалар, жүк көтергіш механизмдер, қысыммен жұмыс істейтін жабдықтар және басқалар), бұл ретте өнеркәсіптік қауіпсіздік талаптарының 134 бұзушылығы анықталды. Мемлекеттік инспекторлармен анықталған бұзушылықтарды жою туралы нұсқама берілді және «Әкімшілік құқық бұзушылық туралы» Қазақстан Республикасы Кодексінің 298-бабы 1-бөлігі бойынша заңды тұлғаға және 14 жеке тұлғаға (жауапты лауазымды тұлғаларға) айыппұл түрінде әкімшілік жазалар салынды.

Сондай-ақ, кәсіпорынға қауіпті өндірістік объектідегі инциденттер фактісін жасырғаны үшін «Әкімшілік құқық бұзушылық туралы» Қазақстан Республикасы Кодексінің 298-бабы 3-бөлігі бойынша айыппұл түрінде әкімшілік жаза қолданылды.

Өнеркәсіптік қауіпсіздік талаптарының негізгі бұзушылықтары:

- Өндірістік бақылау туралы ереженің шарттарын орындамауы;

- өнеркәсіптік қауіпсіздік саласындағы мамандарды, жұмыскерлерді даярлауды, қайта даярлауды, білімін тексеруді қамтамасыз ету жөніндегі талаптардың сақталмауы;

- жұмысы шаң мен газдың бөлінуімен сүйемелденетін технологиялық жабдықты пайдалануға желдету жүйелері ақаулы болған кезде жол беру;

- ауада уытты заттардың шекті рұқсат етілген концентрациясының асып кетуі туралы сигнал беретін газ талдағыштардың болмауы;

- тексеру мерзімі өткен бақылау-өлшеу аспаптары мен автоматтандыру құралдарын қолдануға жол беру және басқа бұзушылықтар болып табылады.

«Жолымбет» жобасында тексеру барысында мемлекеттік инспекторлар «Жанар-жағар май қоймасында мұнай өнімдеріннің төгілуі және жануы» оқу дабылына қатысты.

Тексеру қорытындысы бойынша кәсіпорын өкілдерімен кеңес өткізілді, онда тексеру барысында анықталған бұзушылықтар қаралды, оларды жою мерзімдері талқыланды, сондай-ақ Қазақстан Республикасының өнеркәсіптік қауіпсіздік саласындағы заңнамасының талаптары түсіндірілді.

 

ҚР ТЖМ Өнеркәсіптік қауіпсіздік комитеті