
Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар министрлігі Өнеркәсіптік қауіпсіздік комитетінің Түркістан облысы бойынша департаментінің мемлекеттік инспекторлары, 2022 жылдың екінші жартыжылдығына өнеркәсіптік қауіпсіздік саласындағы ерекше тәртіп бойынша тексерулер жүргізу кестесіне сәйкес «Аппак» ЖШС қауіпті өндірістік объектілері мен қауіпті техникалық құрылғыларына тексеру жүргізді.
Кәсіпорын қызметінің негізгі түрі уран кендерін өндіру, кендердің пайда болу орнында күкірт қышқылы ерітінділерімен жерасты ұңғымаларын шаймалау әдісімен және уран оксидін алу үшін өнімді ерітінділерді өңдеу болып табылады.
Тексеру барысында 26 объекті (өндіру ұңғымалары полигонындағы «Құмды», «Осенний» және «Батыс» учаскелеріндегі күкірт қышқылының қоймасы мен құбырлары, сорғы станциясы бар күкірт қышқылының қоймасы мен құбырлары, қайта өңдеу кешені, ерітінді дайындау торабы бар аммиак селитрасы қоймасы, дайын өнім қоймасы, уақытша сақтауға арналған алаң және басқалар) тексерілді. Өнеркәсіптік қауіпсіздік саласындағы заңнама талаптарының 21 бұзушылығы анықталды. Мемлекеттік инспекторлармен анықталған бұзушылықтарды жою туралы ұйғарым берілді және «Әкімшілік құқық бұзушылық туралы» ҚР Кодексінің 298-бабы 1-бөлігі бойынша айыппұл түрінде әкімшілік жаза салынды.
Өнеркәсіптік қауіпсіздік талаптарының негізгі бұзушылықтары:
- қауіпті өндірістік объектілерді пайдалануға беру кезінде мемлекеттік инспектордың қатысуымен жүргізілетін қабылдау сынақтарының актілерінің болмауы;
- агрессивті сұйықтықтарды ағызу жағдайында жұмыс істейтін құбырлардың фланецті қосылыстарында коррозияға қарсы материалдан жасалған қорғаныс қаптамаларының болмауы;
- компрессорлық цехта орналасқан қосалқы электрмен жабдықтау құрылғысы үздіксіз қоректендіру көзіне қосылмағандығы;
- аммиак селитрасы қоймасында аммиак селитрасының шашырауына жол берілгендігі және басқалар болып табылады.
Тексеру қорытындысы бойынша кәсіпорын өкілдерімен кеңес өткізілді, онда тексеру барысында анықталған бұзушылықтар қаралды, оларды жою мерзімдері талқыланды, сондай-ақ Қазақстан Республикасының өнеркәсіптік қауіпсіздік саласындағы заңнамасының, оның ішінде: «Уранды геологиялық барлау, өндіру және қайта өңдеу кезінде өнеркәсіптік қауіпсіздікті қамтамасыз ету қағидаларының» және «Иондаушы сәулелендіру көздерімен жұмыс істеген кезде өнеркәсіптік қауіпсіздікті қамтамасыз ету қағидаларының» талаптары түсіндірілді.
ҚР ТЖМ Өнеркәсіптік қауіпсіздік комитеті