
Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар министрлігі Өнеркәсіптік қауіпсіздік комитетінің Ақтөбе облысы бойынша департаментінің мемлекеттік инспекторлары, 2022 жылдың екінші жартыжылдығына өнеркәсіптік қауіпсіздік саласындағы ерекше тәртіп бойынша тексерулер жүргізу кестесіне сәйкес «Фирма Ада Ойл» ЖШС-нің қауіпті өндірістік объектілері мен қауіпті техникалық құрылғыларына тексеру жүргізді.
Кәсіпорын қызметінің негізгі түрі мұнай өндіру болып табылады.
Тексеру барысында 32 объекті (қысыммен жұмыс істейтін жабдықтар, жүк көтергіш механизмдер, жылжымалы бу қондырғысы және ұңғымалар) тексеріліп, бұл ретте өнеркәсіптік қауіпсіздік саласындағы заңнама талаптарының 31 бұзушылығы анықталды. Мемлекеттік инспекторлармен анықталған бұзушылықтарды жою туралы нұсқама берілді және «Әкімшілік құқық бұзушылық туралы» Қазақстан Республикасы Кодексінің 298-бабы 1-бөлігі бойынша айыппұл түрінде әкімшілік жаза салынды.
Өнеркәсіптік қауіпсіздік талаптарының негізгі бұзушылықтары:
- аварияларды тергеп-тексеруден кейін жасалған, қауіпті өндірістік факторлардың әсерін болдырмауға бағытталған іс-шаралар жоспарының шарттарын орындамауы;
- авариялар мен инциденттерді есепке алу журналының болмауы;
- Аварияларды жою жоспары кәсіби авариялық-құтқару қызметімен келісілмегендігі;
- жүк көтергіш механизмдерді қауіпсіз пайдалануға жауапты тұлғаларды және жұмыстарды қауіпсіз жүргізуге жауапты тұлғаларды тағайындау туралы бұйрықтың болмауы;
- технологиялық процестің шарттарына байланысты клапандардың ақаусыздығын тексеру туралы журнал мен жазбалардың болмауы;
- технологиялық регламентте қазанды авариялық тоқтату бөлімінің болмауы;
- ұңғымаларды жайластыру кезінде жұмыс жобасының шарттарын сақтамау;
- резервуар негізінің шөгуін өлшеу үшін терең реперлердің болмауы;
- резервуарларды мерзімді тазалауды жүргізбеу;
- жарылыс қаупі бар ауа ортасына талдау жүргізбеу және басқалар болып табылады.
Тексеру қорытындысы бойынша кәсіпорын өкілдерімен кеңес өткізілді, онда тексеру барысында анықталған бұзушылықтар қаралды, оларды жою мерзімдері талқыланды, сондай-ақ Қазақстан Республикасының өнеркәсіптік қауіпсіздік саласындағы заңнамасының, оның ішінде: «Мұнай және газ өнеркәсібі салаларындағы қауіпті өндірістік объектілер үшін өнеркәсіптік қауіпсіздікті қамтамасыз ету қағидаларының», «Мұнай және мұнай өнімдеріне арналған резервуарларды пайдалану және жөндеу кезіндегі өнеркәсіптік қауіпсіздікті қамтамасыз ету қағидаларының», «Жүк көтергіш механизмдерді пайдалану кезінде өнеркәсіптік қауіпсіздікті қамтамасыз ету қағидаларының» және «Қысыммен жұмыс істейтін жабдықтарды пайдалану кезінде өнеркәсіптік қауіпсіздікті қамтамасыз ету қағидаларының» талаптары түсіндірілді.
ҚР ТЖМ Өнеркәсіптік қауіпсіздік комитеті