«АрселорМиттал Теміртау» Акционерлік Қоғамының Көмір департаменті «Спецмонтаждегазациялау» Басқармасын тексеру нәтижелері

«АрселорМиттал Теміртау» Акционерлік Қоғамының Көмір департаменті «Спецмонтаждегазациялау» Басқармасын тексеру нәтижелері

Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар министрлігі Өнеркәсіптік қауіпсіздік комитетінің Қарағанды облысы бойынша департаментінің мемлекеттік инспекторлары, 2022 жылдың екінші жартыжылдығына өнеркәсіптік қауіпсіздік саласындағы ерекше тәртіп бойынша тексерулер жүргізу кестесіне сәйкес «АрселорМиттал Теміртау» Акционерлік Қоғамының Көмір департаменті «Спецмонтаждегазациялау» Басқармасының қауіпті өндірістік объектілері мен қауіпті техникалық құрылғыларына тексеру жүргізді.

Кәсіпорын қызметінің негізгі түрі тас көмірді жерасты тәсілімен қауіпсіз өндіруді қамтамасыз ету үшін көмір қабаттарын метан газынан газсыздандыру болып табылады.

Тексеру барысында 62 нысан (Костенко атындағы, Т. Күзембаев атындағы, Абай, Саран, Ленин атындағы, Шахтинск, Қазақстан, Тентек шахталардағы ұңғыма кенжарлары, бұрғылау станоктары мен бұрғылау қондырғылары, жүк көтергіш механизмдер мен қысыммен жұмыс істейтін жабдықтар, ғимараттар мен техникалық құрылыстардың жай-күйі, штаттың жинақталуы, тау-кен қазбаларында газсыздандыру ұңғымаларын бұрғылауға арналған паспорттар, техникалық құжаттамасы) тексерілді. Өнеркәсіптік қауіпсіздік саласындағы заңнама талаптарының 31 бұзушылығы анықталды. Мемлекеттік инспекторлармен анықталған бұзушылықтарды жою туралы нұсқама берілді және «Әкімшілік құқық бұзушылық туралы» ҚР Кодексінің 298-бабы 1-бөлігі бойынша айыппұл түрінде әкімшілік жаза салынды.

Өнеркәсіптік қауіпсіздік талаптарының негізгі бұзушылықтары:

- ғимараттар мен технологиялық құрылыстар бойынша, оларды тексергеннен және диагностикалағаннан кейін сараптама ұйымдарымен берілген техникалық қорытындылар ұсынымының орындалмауы;

- «СГГ-1М» бұрғылау станоктарының жағдайын уақтылы бақылауды жүзеге асырмау;

- жер асты қосалқы станциялары мен тарату пункттерінің жай-күйіне уақтылы бақылауды жүзеге асырмау;

- ұңғыма кенжарларының электромеханикалық жабдықтарының жағдайын уақытылы бақылауды жүзеге асырмау;

- қауіпті өнеркәсіп объектілері штатының жасақталмауы және басқалары болып табылады.

Адамның өмірі мен денсаулығына, қоршаған ортаға қауіп төндіретін бұзушылықтар бойынша Қарағанды облысы бойынша мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотқа 3 бірлік қауіпті техникалық құрылғыларды (СГГ-1М станоктары) тоқтата тұру туралы талап арыз жолдау түрінде жедел ден қою шаралары қабылданды. Оларда келесі кемшіліктер анықталған: гидравликалық домкраттардың штоктарында сыртқы механикалық зақымданулардың болуы, электр қозғалтқышының бекітпесі төртеуінің орнына үш бұрандада жасалғандығы, электр қозғалтқышының корпусында көз сынғандығы, редукторда айналу қақпағының болмауы, гидравликалық бакта жарықшақтың болуы, гидропатрон рычагтарының отыратын орындарының деформациялануы, шығырдың бекітілуі деформациялануы, бағыттаушы штоктың деформациялануы.

Тексеру қорытындысы бойынша кәсіпорын өкілдерімен кеңес өткізілді, онда тексеру барысында анықталған бұзушылықтар қаралды, оларды жою мерзімдері талқыланды, сондай-ақ Қазақстан Республикасының өнеркәсіптік қауіпсіздік саласындағы заңнамасының, оның ішінде: «Көмір шахталарының қауіпті өндірістік объектілері үшін өнеркәсіптік қауіпсіздікті қамтамасыз ету қағидаларының», «Жүк көтергіш механизмдерді пайдалану кезінде өнеркәсіптік қауіпсіздікті қамтамасыз ету қағидаларының» және «Қысыммен жұмыс істейтін жабдықтарды пайдалану кезінде өнеркәсіптік қауіпсіздікті қамтамасыз ету қағидаларының»талаптары түсіндірілді.

 

ҚР ТЖМ Өнеркәсіптік қауіпсіздік комитеті