«Сауда-көлік компаниясы» ЖШС тексеру нәтижелері

«Сауда-көлік компаниясы» ЖШС тексеру нәтижелері

Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар министрлігі Өнеркәсіптік қауіпсіздік комитетінің Қызылорда облысы бойынша департаментінің мемлекеттік инспекторлары, 2022 жылдың екінші жартыжылдығына өнеркәсіптік қауіпсіздік саласындағы ерекше тәртіп бойынша тексерулер жүргізу кестесіне сәйкес «Сауда-көлік компаниясы» ЖШС-нің қауіпті өндірістік объектілері мен қауіпті техникалық құрылғыларына тексеру жүргізді.

Кәсіпорын қызметінің негізгі түрі «Казатомпромөнеркәсіп» ҰАК» АҚ еншілес мекемелері үшін тауарлық-материалдық құндылықтарды автомобиль және темір жол көлігімен тасымалдау болып табылады.

Тексеру барысында 18 объекті (жанар-жағармай материалдары қоймасы, ауыстырып тиеу базасы, күкірт қышқыл қоймасы, аммиак селитрасы қоймасы, қысыммен жұмыс істейтін жабдықтар, жүк көтергіш механизмдер) тексеріліп, өнеркәсіптік қауіпсіздік саласындағы заңанама талаптарының 7 бұзушылығы анықталды. Мемлекеттік инспекторлармен анықталған бұзушылықтарды жою туралы ұйғарым берілді және «Әкімшілік құқық бұзушылық туралы» Қазақстан Республикасы Кодексінің 298-бабының 1-бөлігі бойынша айыппұл салынды.

Тексеру қорытындысы бойынша кәсіпорын өкілдерімен кеңес өткізілді, онда тексеру барысында анықталған бұзушылықтар қаралды, оларды жою мерзімдері талқыланды, сондай-ақ Қазақстан Республикасының өнеркәсіптік қауіпсіздік саласындағы заңнамасының, оның ішінде: «Мұнай-химия, мұнай өңдеу салаларындағы қауіпті өндірістік объектілер, мұнай базалары және автожанармай құю станциялары үшін өнеркәсіптік қауіпсіздікті қамтамасыз ету қағидаларының», «Өнеркәсіптің химия саласындағы қауіпті өндірістік объектілер үшін өнеркәсіптік қауіпсіздікті қамтамасыз ету қағидаларының», «Жүк көтергіш механизмдерді пайдалану кезінде өнеркәсіптік қауіпсіздікті қамтамасыз ету қағидаларының» және «Қысыммен жұмыс істейтін жабдықтарды пайдалану кезінде өнеркәсіптік қауіпсіздікті қамтамасыз ету қағидаларының» талаптары түсіндірілді.

 

ҚР ТЖМ Өнеркәсіптік қауіпсіздік комитеті