
Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар министрлігі Өнеркәсіптік қауіпсіздік комитетінің Түркістан облысы бойынша департаментінің мемлекеттік инспекторлары, 2022 жылдың екінші жартыжылдығына өнеркәсіптік қауіпсіздік саласындағы ерекше тәртіп бойынша тексерулер жүргізу кестесіне сәйкес «Русбурмаш-Қазақстан» БК» ЖШС қауіпті өндірістік объектілері мен қауіпті техникалық құрылғыларына тексеру жүргізді.
Кәсіпорын қызметінің негізгі түрі технологиялық, геологиялық барлау және су тартау ұңғымаларын бұрғылау болып табылады.
Тексеру барысында 10 объекті («Буденовское» және «Южный Инкай» бұрғылау жұмыстарының учаскелері, сондай-ақ басқа да қауіпті өнеркәсіптік объектілер) тексерілді. Өнеркәсіптік қауіпсіздік саласындағы заңнама талаптарының 20 бұзушылығы анықталды. Мемлекеттік инспекторлармен анықталған бұзушылықтарды жою туралы ұйғарым берілді және «Әкімшілік құқық бұзушылық туралы» ҚР Кодексінің 298-бабы 1-бөлігі бойынша айыппұл түрінде әкімшілік жаза салынды.
Өнеркәсіптік қауіпсіздік талаптарының негізгі бұзушылықтары:
- қауіпті өндірістік нысанның өнеркәсіптік қауіпсіздік декларациясына контейнерлік АЖҚС енгізілмеген;
- өнеркәсіптік қауіпсіздік саласындағы өндірістік бақылау туралы нормативтік акт №№ 1, 7 және 21 бұрғылау агрегаттарында бақылаудың ІІІ деңгейі сақталмауда;
- №3 бұрғылау агрегатында ақаулы шпиндельмен жұмыс жүргізілуде;
- «Буденовское» учаскесінде уақытша ашық ойықтарға (зумпфтарға) қоршаулардың болмауы;
- №25 бұрғылау қондырғысында сорғы жабдықтарының астында май жинауға арналған түпқойманың болмауы және басқалар болып табылады.
Тексеру қорытындысы бойынша кәсіпорын өкілдерімен кеңес өткізілді, онда тексеру барысында анықталған бұзушылықтар қаралды, оларды жою мерзімдері талқыланды, сондай-ақ Қазақстан Республикасының өнеркәсіптік қауіпсіздік саласындағы заңнамасының, оның ішінде: «Уранды геологиялық барлау, өндіру және қайта өңдеу кезінде өнеркәсіптік қауіпсіздікті қамтамасыз ету қағидаларының» және «Жүк көтергіш механизмдерді пайдалану кезінде өнеркәсіптік қауіпсіздікті қамтамасыз ету қағидаларының» талаптары түсіндірілді.
ҚР ТЖМ Өнеркәсіптік қауіпсіздік комитеті