«Сүт» АҚ тексеру нәтижелері

«Сүт» АҚ тексеру нәтижелері

Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар министрлігі Өнеркәсіптік қауіпсіздік комитетінің Павлодар облысы бойынша департаментінің мемлекеттік инспекторлары, 2022 жылдың екінші жартыжылдығына өнеркәсіптік қауіпсіздік саласындағы ерекше тәртіп бойынша тексерулер жүргізу кестесіне сәйкес «Сүт» АҚ-ның қауіпті өндірістік объектілері мен қауіпті техникалық құрылғыларына тексеру жүргізді.

Кәсіпорынның негізгі қызметі сүт өнімдерін өндіру болып табылады.

Тексеру барысында 7 объекті (компрессорлық станция, қазандық цехы, қауіпті заттар қоймасы, химиялық зертхана, қысыммен жұмыс істейтін жабдық, жүк көтергіш механизмдер, мазутты сақтауға арналған резервуарлар) тексерілді, өнеркәсіптік қауіпсіздік саласындағы заңнама талаптарының 44 бұзылуы анықталды. Мемлекеттік инспекторлармен анықталған бұзушылықтарды жою туралы ұйғарым берілді және «Әкімшілік құқық бұзушылық туралы» ҚР Кодексінің 298-бабы 1-бөлігі бойынша айыппұл түрінде әкімшілік жаза салынды.

Өнеркәсіптік қауіпсіздік талаптарының негізгі бұзушылықтары:

- сорғы станциясында мәжбүрлі сору-сыртқа тарату және авариялық желдеткіштің болмауы;

- эстакадаларды жарықтандырудың болмауы;

- ИТҚ мен мазут сақтау қоймасы қызметкерлерінің қауіпті өндірістік объектілерде жұмысқа рұқсаттарының болмауы;

- қышқылдар, сілтілер және басқа да каустикалық заттар бар шыны ыдыстарды тасымалдауға арналған асбестпен қапталған қораптың бболмауы;

- газ бөлінуі мүмкін үй-жайлардағы жұмыс аймағының ауасындағы зиянды газдардың шоғырлануын тексеру кестесінің болмауы;

- сорғының сору және айдау құбырларында манометрлерінің болмауы;

- жер асты және жер үсті құбырларының орналасуының технологиялық схемасы, сондай-ақ тез тұтанатын сұйықтықтарды айдауға қолданылатын сорғыларды блоктау және ескерту сигнализациясы құралдарымен жарақтандырудың болмауы болып табылады.

Тексеру қорытындысы бойынша кәсіпорын өкілдерімен кеңес өткізілді, онда тексеру барысында анықталған бұзушылықтар қаралды, оларды жою мерзімдері талқыланды, сондай-ақ Қазақстан Республикасының өнеркәсіптік қауіпсіздік саласындағы заңнамасының, оның ішінде: «Қысыммен жұмыс істейтін жабдықтарды пайдалану кезінде өнеркәсіптік қауіпсіздікті қамтамасыз ету қағидаларының», «Өнеркәсіптің химия саласындағы қауіпті өндірістік объектілер үшін өнеркәсіптік қауіпсіздікті қамтамасыз ету қағидаларының» және «Компрессорлық станциялардың пайдалану кезінде өнеркәсіптік қауіпсіздікті қамтамасыз ету қағидаларының» талаптары түсіндірілді.

 

ҚР ТЖМ Өнеркәсіптік қауіпсіздік комитеті