
Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар министрлігі Өнеркәсіптік қауіпсіздік комитетінің Қарағанды облысы бойынша департаментінің мемлекеттік инспекторлары, 2022 жылдың екінші жартыжылдығына өнеркәсіптік қауіпсіздік саласындағы ерекше тәртіп бойынша тексерулер жүргізу кестесіне сәйкес «Қазақмыс Корпорациясы» ЖШС Мамандандырылған жөндеу-механикалық басқармасының қауіпті өндірістік объектілері мен қауіпті техникалық құрылғыларына тексеру жүргізді.
Кәсіпорын қызметінің негізгі түрі күрделі жөндеу, монтаждау/демонтаждау, қайта жаңарту, жаңғырту және жаңадан салынып жатқан объектілерді, технологиялық, механикалық жабдықтарды, стандартты емес металл конструкцияларын және механикалық өңдеуді талап ететін бұйымдарды дайындау болып табылады.
Тексеру барысында 25 объекті (ғимараттар мен құрылыстар, металл сақтайтын орындар, жұмыс орындары және оның жолдары, адамдардың жүру бағыттары және жүктің тасымалдау бағыты, стационарлық компрессорлық станция, ауа жинағыштар, баллондарды сақтау қоймалары және басқалар) тексерілді. Өнеркәсіптік қауіпсіздік саласындағы заңнама талаптарының 84 бұзушылығы анықталды. Мемлекеттік инспекторлармен анықталған бұзушылықтарды жою туралы ұсыным берілді және «Әкімшілік құқық бұзушылық туралы» ҚР Кодексінің 298-бабы 1-бөлігі бойынша айыппұл түрінде әкімшілік жазаға тартылды.
Өнеркәсіптік қауіпсіздік талаптарының негізгі бұзушылықтары:
- металлды цехқа жинау қажетті технологиялық жабдықтар мен құрылғыларды пайдаланбай жүргізу;
- өндірістік ғимараттар мен технологиялық құрылыстардың сараптамалық қорытындысының ұсынымдары толық көлемде орындалмауы;
- кеніш ауасының шаңдануы мен газдануын талдау нәтижелеріне сәйкес шаңдану жоғарылаған кезде объектілерде қауіптілігі жоғары жұмыстарды орындауға жол берілу;
- жұмыс орындарын және оларға кіреберістерді, адамдар мен жүктерді тасымалдау жолдарын үйіп тастауға жол берілу;
- қауіпті өндірістік объектінің жұмыскерлер штатының жасақталмауы және басқалар болып табылады.
Тексеру қорытындысы бойынша кәсіпорын өкілдерімен кеңес өткізілді, онда тексеру барысында анықталған бұзушылықтар қаралып, оларды жою мерзімдері талқыланды, сондай-ақ Қазақстан Республикасының өнеркәсіптік қауіпсіздік саласындағы заңнамасының, оның ішінде: «Жүк көтергіш механизмдерді пайдалану кезінде өнеркәсіптік қауіпсіздікті қамтамасыз ету қағидаларының», «Тау-кен және геологиялық барлау жұмыстарын жүргізетін қауіпті өндірістік объектілер үшін өнеркәсіптік қауіпсіздікті қамтамасыз ету қағидаларының» және «Қатты пайдалы қазбаларды қайта өңдеу бойынша жұмыстарды жүргізетін қауіпті өндірістік объектілер үшін өнеркәсіптік қауіпсіздікті қамтамасыз ету қағидаларының» талаптары түсіндірілді.
ҚР ТЖМ Өнеркәсіптік қауіпсіздік комитеті