
Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар министрлігі Өнеркәсіптік қауіпсіздік комитетінің Жамбыл облысы бойынша департаментінің мемлекеттік инспекторы, 2022 жылдың екінші жартыжылдығына өнеркәсіптік қауіпсіздік саласындағы ерекше тәртіп бойынша тексерулер жүргізу кестесіне сәйкес «Аргос» ЖШС-нің қауіпті техникалық құрылғыларына тексеру жүргізді.
Кәсіпорын қызметінің негізгі түрі жол бойындағы белдеуде орналасқан мамандандырылған дүкендерде мотор отынын бөлшек саудада сату болып табылады.
Тексеру барысында 11 объекті (газ толтыру станциясы мен автогазқұю станциясының қысыммен жұмыс істейтін ыдыстары) тексеріліп, өнеркәсіптік қауіпсіздік саласындағы заңнама талаптарының 13 бұзушылығы анықталды. Мемлекеттік инспекторлармен анықталған бұзушылықтарды жою туралы ұйғарым берілді және «Әкімшілік құқық бұзушылық туралы» ҚР Кодексінің 298-бабы 1-бөлігі бойынша айыппұл түрінде әкімшілік жаза салынды.
Тексеру қорытындысы бойынша кәсіпорын өкілдерімен кеңес өткізілді, онда тексеру барысында анықталған бұзушылықтар қаралды, оларды жою мерзімдері талқыланды, сондай-ақ Қазақстан Республикасының өнеркәсіптік қауіпсіздік саласындағы заңнамасының, оның ішінде: «Қысыммен жұмыс істейтін жабдықтарды пайдалану кезінде өнеркәсіптік қауіпсіздікті қамтамасыз ету қағидаларының» және «Газбен жабдықтау жүйелері объектілерінің қауіпсіздігі жөніндегі талаптардың» нормалары түсіндірілді.
Газ толтыру станциясының иесіне, тұрмыстық және коммуналдық-тұрмыстық тұтынушыларға тұрмыстық газ баллондарын пайдалану ережелері түсіндірілді және кітапшалар таратылды. Автогаз құю станцияларында тұрмыстық газ баллондарына газ құюға тыйым салатын ақпараттық тақтайшалар ілінді.
ҚР ТЖМ Өнеркәсіптік қауіпсіздік комитеті