
Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар министрлігі Өнеркәсіптік қауіпсіздік комитетінің Қостанай облысы бойынша департаментінің мемлекеттік инспекторлары, 2022 жылдың бірінші жартыжылдығына өнеркәсіптік қауіпсіздік саласындағы ерекше тәртіп бойынша тексерулер жүргізу кестесіне сәйкес «Алтын Омир» ЖШС-ның қауіпті өндірістік объектілері мен қауіпті техникалық құрылғыларына тексеру жүргізді.
Кәсіпорын қызметінің негізгі түрі: сыра, тамақ көмір қышқылы, нан-тоқаш өнімдерін өндіру және сату болып табылады.
Тексеру барысында 19 объекті (компрессорлық қондырғылар, диірмен, астық қоймасы және басқалар) тексерілді. Өнеркәсіптік қауіпсіздік саласындағы заңнама талаптарының 13 бұзушылығы анықталды. Мемлекеттік инспекторлармен анықталған бұзушылықтарды жою туралы ұйғарым берілді және «Әкімшілік құқық бұзушылық туралы» ҚР Кодексінің 298-бабы 1-бөлігі бойынша айыппұл түрінде әкімшілік жаза салынды.
Өнеркәсіптік қауіпсіздік талаптарының негізгі бұзушылықтары:
- кран-арқалықтың жұмыс аймағында биркасы жоқ тоқыма баудың болуы;
- кран-арқалықтың тұйық тіректерінде серпімді буферлік құрылғыларының болмауы;
- ыдыстарға техникалық куәландыру жүргізу туралы жазбалардың болмауы;
- қазандық цехында бу құбырларының паспорттарын ұсынбау;
- көлік учаскесінің шиномонтаж цехында орналасқан компрессорлық қондырғымен жұмысты қауіпсіз жүргізуді қамтамасыз ету жөніндегі регламенттің болмауы және басқалары болып табылады.
Тексеру қорытындысы бойынша кәсіпорын өкілдерімен кеңес өткізілді, онда тексеру барысында анықталған бұзушылықтар қаралды, оларды жою мерзімдері талқыланды, сондай-ақ Қазақстан Республикасының өнеркәсіптік қауіпсіздік саласындағы заңнамасының, оның ішінде: «Қысыммен жұмыс істейтін жабдықтарды пайдалану кезінде өнеркәсіптік қауіпсіздікті қамтамасыз ету қағидаларының» және «Компрессорлық станциялардың пайдалану кезінде өнеркәсіптік қауіпсіздікті қамтамасыз ету қағидаларының» талаптары түсіндірілді.
ҚР ТЖМ Өнеркәсіптік қауіпсіздік комитеті