«SICIMS.p.A.» Компаниясының Қазақстан Республикасындағы филиалын тексеру нәтижелері

«SICIMS.p.A.» Компаниясының Қазақстан Республикасындағы филиалын тексеру нәтижелері

Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар министрлігі Өнеркәсіптік қауіпсіздік комитетінің Атырау облысы бойынша департаментінің мемлекеттік инспекторлары, 2022 жылдың бірінші жартыжылдығына өнеркәсіптік қауіпсіздік саласындағы ерекше тәртіп бойынша тексерулер жүргізу кестесіне сәйкес «SICIMS.p.A.» Компаниясының Қазақстан Республикасындағы филиалының қауіпті өндірістік объектілері мен қауіпті техникалық құрылғыларына тексеру жүргізді.

Итальяндық Компания жобалау, сатып алу және құрылыс саласындағы әлемдік көшбасшылардың бірі болып табылады. Компания мұнай өнімдері құбырларын, технологиялық және бақылау жабдықтарын халықаралық стандарттар бойынша монтаждауды қоса алғанда, мұнай-газ индустриясындағы құрылысқа маманданған.

Тексеру барысында 7 объекті (жүк көтергіш механизмдер, қысыммен жұмыс істейтін ыдыстар, газ шаруашылығы және газбен жабдықтау жүйелерінің объектілері) тексеріліп, өнеркәсіптік қауіпсіздік саласындағы заңнама талаптарының 15 бұзушылығы анықталды. Мемлекеттік инспекторлармен анықталған бұзушылықтарды жою туралы ұйғарым берілді және «Әкімшілік құқық бұзушылық туралы» ҚР Кодексінің 298-бабы 1-бөлігі және 306-бабы 4-бөлігі бойынша айыппұл түрінде әкімшілік жазалар салынды.

Өнеркәсіптік қауіпсіздік талаптарының негізгі бұзушылықтары:

- негізгі техникалық сипаттамалары, сондай-ақ жүргізілген жөндеу жұмыстары туралы деректері бар сыртқы газ құбырларына, газ реттеу пункттеріне (газ реттеу қондырғыларына) пайдалану паспорттарының болмауы;

- сыртқы және ішкі газ құбырларының беріктігі мен герметикалығын сынау актілерінің болмауы;

- бақылау манометрімен мерзімді тексеру үшін манометр мен ыдыс арасында орнатылатын үш жүрісті крандардың болмауы және басқалары болып табылады.

Тексеру қорытындысы бойынша кәсіпорын өкілдерімен кеңес өткізілді, онда тексеру барысында анықталған бұзушылықтар қаралды, оларды жою мерзімдері талқыланды, сондай-ақ Қазақстан Республикасының өнеркәсіптік қауіпсіздік саласындағы заңнамасының, оның ішінде: «Жүк көтергіш механизмдерді пайдалану кезінде өнеркәсіптік қауіпсіздікті қамтамасыз ету қағидаларының», «Қысыммен жұмыс істейтін жабдықтарды пайдалану кезінде өнеркәсіптік қауіпсіздікті қамтамасыз ету қағидаларының» және «Газбен жабдықтау жүйелері объектілерінің қауіпсіздігі жөніндегі талаптардың» талаптары түсіндірілді.

 

ҚР ТЖМ Өнеркәсіптік қауіпсіздік комитеті