
Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар министрлігі Өнеркәсіптік қауіпсіздік комитетінің Атырау облысы бойынша департаментінің мемлекеттік инспекторлары, 2022 жылдың бірінші жартыжылдығына өнеркәсіптік қауіпсіздік саласындағы ерекше тәртіп бойынша тексерулер жүргізу кестесіне сәйкес «Сұйытылған мұнай газын сақтау паркі» ЖШС қауіпті өндірістік объектілері мен қауіпті техникалық құрылғыларына тексеру жүргізді.
Кәсіпорын Атырау қаласы мен Атырау облысының көтерме және бөлшек сауда тұтынушыларына «АМӨЗ» ЖШС шығарған әлеуметтік газды жеткізу бойынша уәкілетті оператор болып табылады.
Тексеру барысында 7 объекті (газ толтыру станциясының жабдықтары, газбен жабдықтау объектілері) тексеріліп, өнеркәсіптік қауіпсіздік талаптарының 9 бұзушылығы анықталды. Мемлекеттік инспекторлармен анықталған бұзушылықтарды жою туралы ұстаным берілді және «Әкімшілік құқық бұзушылық туралы» ҚР Кодексінің 306-бабының 4-бөлігі бойынша айыппұл түрінде әкімшілік жаза салынды.
Тексеру қорытындысы бойынша кәсіпорын өкілдерімен кеңес өткізілді, онда тексеру барысында анықталған бұзушылықтар қаралды, оларды жою мерзімдері талқыланды, сондай-ақ Қазақстан Республикасының өнеркәсіптік қауіпсіздік саласындағы заңнамасының, оның ішінде «Газбен жабдықтау жүйелері объектілерінің қауіпсіздігі бойынша талаптардың» талаптары түсіндірілді.
ҚР ТЖМ Өнеркәсіптік қауіпсіздік комитеті