
2022 жылғы 06 шілдеде 09 сағат 23 минутта (жергілікті уақыт бойынша) Атырау облысында «Теңіз» кен орнында, «Теңізшевройл» ЖШС үшінші буын зауытының (Болашақ кеңейту жобасы) учаскесінде топтық жазатайым оқиға орын алды, онда «Сенімді Құрылыс» ЖШС мердігерлік құрылыс компаниясы құрылыс-монтаждау жұмыстарын жүргізіп жатқан болатын.
Ұзындығы 44 метр құбырдың 36" (Ø 100 см) ішкі қуысын гидростатикалық сынақтан өткізгеннен кейін және кептірген соң, төрт адамнан тұратын топпен осы құбырдың бітеу фланецін алу бойынша жұмыстар жүргізілген.
Алдын ала мәліметтер бойынша, бітеу фланецті алу кезінде құбырдың қалдық қысымына байланысты фланец үзілген. Нәтижесінде 5 адам зардап шекті, оның 2-уі қайтыс болды (біреуі оқиға орнында, екіншісі «ТШО» ЖШС клиникасында), 2-уі әр түрлі деңгейдегі жарақат алды, біреуі медициналық қызметкерлердің қарауынан кейін босатылды.
ҚР ТЖМ Өнеркәсіптік қауіпсіздік комитеті