
Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар министрлігі Өнеркәсіптік қауіпсіздік комитетінің Түркістан облысы бойынша департаментінің мемлекеттік инспекторлары, 2022 жылдың бірінші жартыжылдығына өнеркәсіптік қауіпсіздік саласындағы ерекше тәртіп бойынша тексерулер жүргізу кестесіне сәйкес «ҚТЖ – Жүк тасымалы» ЖШС «ГП Шымкент бөлімшесі» филиалының қауіпті өндірістік объектілері мен қауіпті техникалық құрылғыларына тексеру жүргізді.
Кәсіпорын жүк тасымалдауды жүзеге асырады, бұл ретте қауіпті техникалық құрылғыларды пайдаланады.
Тексеру барысында 39 объекті (ғимараттар мен құрылыстар, жүк көтергіш механизмдері және басқалар) тексерілді. Өнеркәсіптік қауіпсіздік саласындағы заңнама талаптарының 24 бұзушылығы анықталды. Мемлекеттік инспекторлармен анықталған бұзушылықтарды жою туралы ұйғарым берілді және «Әкімшілік құқық бұзушылық туралы» ҚР Кодексінің 298-бабы 1-бөлігі бойынша айыппұл түрінде әкімшілік жаза салынды.
Өнеркәсіптік қауіпсіздік талаптарының негізгі бұзушылықтары:
- жүк көтергіш крандардың өнеркәсіптік қауіпсіздік сараптамасын жүзеге асырмау, сондай-ақ қауіпті өндірістік объектілердің өнеркәсіптік қауіпсіздік сараптамасының ұсынымдарын орындамау;
- - қызметтің нормативтік мерзімі өткен қауіпті өндірістік объектілер мен қауіпті техникалық құрылғыларды уақтылы жаңартуды жүзеге асырмау;
- қауіпсіздік аспаптары мен құрылғылары ақаулы, сондай-ақ кезекті техникалық куәландырусыз жүк көтергіш крандарды пайдалануға жол беру;
- қауіпті өндірістік объектінің жұмыскерлер штатының жасақталмауы және басқалар болып табылады.
Адамның өмірі мен денсаулығына, қоршаған ортаға қауіп төндіретін бұзушылықтар бойынша Түркістан облысы бойынша мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотқа қауіпті техникалық құрылғыны тоқтата тұру туралы талап арыз жолдау түрінде жедел ден қою шаралары қабылданды (көпірлі кранды тоқтата тұру туралы акт берілді).
Тексеру қорытындысы бойынша кәсіпорын өкілдерімен кеңес өткізілді, онда тексеру барысында анықталған бұзушылықтар қаралды, оларды жою мерзімдері талқыланды, сондай-ақ Қазақстан Республикасының өнеркәсіптік қауіпсіздік саласындағы заңнамасының, оның ішінде «Жүк көтергіш механизмдерді пайдалану кезінде өнеркәсіптік қауіпсіздікті қамтамасыз ету қағидаларының»талаптары түсіндірілді.
ҚР ТЖМ Өнеркәсіптік қауіпсіздік комитеті